Боғауыз сөздерге толы сериалдар қаптап кетті – депутат
Ұлттық құндылықтарды аяқасты еткендер тек кешірім сұраумен сытылды. Ал балағаттау насихатқа айналды. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мақпал Тәжмағамбетова айтты, деп хабарлады Elorda.info.
«Хит ТВ» телеарнасының Qaz Stand Up's бағдарламасы осының дәлелі. Кейінгі кезде мазмұны, контексі боқауыз сөздерге толы сериалдар қаптап келеді. Дөрекелік көріністері кинода ғана емес, кино эпизодтары арқылы да барлық әлеуметтік желілерде желдей есіп жүр. Осыдан екі жыл бұрын «Қайрат болма, адам бол» деген сериалда қазақтың рухты есімін жерге таптағанын да көрдік. Олар енді толық метражды фильм ретінде кинотеатрларға шықты, - деді депутат.
Мәжіліс депутаты соның бір көрінісі ретінде дәл қазір Қазақстанның барлық кинотеатрында көрсетіліп жатқан «Пацанские истории» фильмін мысалға келтірді.
Ал жалпы белең алып бара жатқан мұндай арзан күлкі, бейпіл сөз, белден төмен әңгімелерге толы бейнеконтенттер, фильмдер, сериалдар өз алдына, енді бейәдеп сахналар, сайқымазаққа айналған халықтық шығармалар театрларда көрсетіле бастады. Оның бір мысалы, Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық театрда сахналанған Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» шығармасы. Көрдік. Қатты сасқанбыз, бетті басқанбыз. Қоғамның сұранысы деген желеумен ұлттық шығармаларды да былғай бастадық, - деді депутат.