Шенеуніктер Ықсановтан үлгі алуға ықыласты ма?
Біздің қоғамда қарапайым еңбек адамы не мәселеде болсын ең соңында қалып жатады. Кейде мүлде ескерілмейді. Әттең...
Бүгінде кім құрметті? Тіл мен жағына сүйенгендер құрметті. Үндемей-ақ ондаған жыл өз ісін істеп жатқан адамға төрден орын берілген емес. Бүгінде кім сүйікті? Беті-аузын сүрмелегені былай тұрсын химиялық қоспамен үрлеп алғандар сүйікті. Жүзін жел тотықтырған, аязға қолы домбыққан адам әлеуметтік желіде әлдекімге жаттанды ақыл айтып отырған жоқ.
Қоғамдағы осы құбылыс белең алып кетті. Мақтау мен марапат басшыға арналып, соның және оның қолына су құйып жатқандардың бағы асты. Қарап тұрып қарның ашады. Бұған тосқауыл қоюдың жалғыз жолы бар. Ол – кезіндегі керемет үлгілерді қайта насихаттау. Соны жаңғырту.
Өткен ғасырдың алпысыншы-тоқсаныншы жылдар арасында Мұстахим Ықсанов деген үлкен қайраткер болған. Жамбыл, Қызылорда және Орал, яғни Батыс Қазақстан облыстарын басқарған. Одан соң бүгінгі өлшеммен Премьер-министрдің орынбасары қызметіне жеткен. Осы өлшем бойынша «Аманат» партиясы төрағасының орынбасары да сайланған.
Мұстахим Біләлұлы осы қызметтерінің ешбірінде өзін насихаттатпаған екен. Қазіргі облыс әкімдеріндей қайда барса соңына қозы-көш нөкер ертпеген. Орал облысында қай жерге барарын автокөлікке мінгенде шоферіне ғана айтатын. Қызлорда облысында тепловоз машинисінің қасына отырып, діттеген тұстан тоқтататын. Сөйтіп, не аудан, не шаруашылық басшысына соқпай бірден күрішшінің дала қосынан, шопанның қыстауынан бір-ақ шығатын. Сондықтан жиналыста ешкім өтірік айта алмайтын, жалған мәлімет бермейтін.
Ықсанов қызмет атқарған жылдары тек еңбек адамдарының тұлғасын биіктетуді мақсат еткен. Кеңес Одағының ауыл шаруашылығы саласына арналған «Сельская жизнь» газетіне 1965 жылы шыққан мақаласында Ыбырай Жақаев, Әбен Тоғызбаев, Тельман Теміршеев сынды күрішшілердің жетістіктері мен оған жету сырларын талдайды. Ыбырай Жақаевтың күріш пен жоңышқаны ауыстыра ету арқылы жерді тыңайтып, ақ маржаннан мол өнім алумен бірге шаруашылық малына жем-шөп өсіріп отырғанын дәріптейді.
Кеңес Одағының еңбек адамдарына арналған «Труд» газетіне Жақаевтың агротехникасын насихаттаған бір бет мақала шығартты. Алда-жалда Жақаев өзі ұсынса ондай мақаланы Одақтың басылымы шығара қоюы неғайбыл. Ал Ықсановтың беделі оған мығым жететін.
Кешікпей Кеңес Одағының ең басты әрі азулы басылымы «Правда» газетіне «Еңбек Ерлерінің өнегесі» атты мақаласы жарияланды. Онда алдымен Шиелі ауданы «Қызыл ту» колхозындағы күрішші Ыбырай Жақаевтың бейнесі жарқырай көрінген.
Әрі қарай облыс басшысы «Иә,өз еңбегімен туған өлкесін даңққа бөлеп отырған жалғыз Ыбырай Жақаев емес» дейді де, Заһира Ержанова, Қатира Мақанова, Нартай Көкиев, Сартай Махамбетова, Әбен Тоғызбаев, Баян Құттыбаева сынды күрішші мен малшылардың еңбектегі табыстарын баян етеді. Ыбырай Жақаевтың екінші рет Еңбек Ері атағын алуына, басқалардың да сол кездері жоғары атақ пен құрметке жетуіне сөз жоқ, осы мақалалардың зор ықпалы болды.
Басшы жекелеген адам емес, жалпы күрішші мен малшының жарқын тұлғасын қалыптастыруды да ойластырған. Сол үшін енді танылған композитор Шәмші Қалдыаяқовты арнайы шақыртқан. Оның қасына облыс идеологиясына жауапты Дәуірхан Айдаровты, жастар ұйымын басқарған Абылай Айдосовты, облыстық газеттің редакторы Ұзақ Бағаевты кезегімен қосып бүкіл Сыр бойын аралатқан. Айтулы ақын, сықақшы Асқар Тоқмағамбетовпен кездестірген. Асекең Шәмші мен оны ертіп жүргендерге қарата:
Біздің елде күріш деген дақыл бар,
Соны жырлап, соны айтыңдар ақындар,- деп бұған дейінгі Ықсановтың қара сөзбен нұсқауын өлең жолына айналдырған еді.
Жамбыл атындағы колхазда күрішші қыздармен кездесуден кейін композитор шындап толғанады. Асқар Тоқмағамбетов – қанша дегенмен, толысқан, үлкен тұлға. Ал Шәмшіге ақылға емес, сезімге толы өлең тудыратын жас ақын қажеттігін сезген басшылар оны Зейнолла Шүкіровтың үйіне апарған. Тез түсініскен екеуі бір түн толғанған. Ертесінде Зейнолла «Сыр сұлуы» әнінің мәтінін ұсынған. Шәмшінің сұлу сазы бұл кезде дайын болып үлгерген еді.
Әнге Мұстахим Ықсанов қатты риза болған. «Енді мұны әрі қарай дамыту керек» деп тұжырған. Тікелей тапсыруымен «Сыр сұлуы» атты ансамбль құрғызған. Басқа облыс, аудандарда жергілікті атауды ту етіп шыққан ондаған ансамбльдің бірінші қарлығашы «Сыр сұлуы» еді.
Міне, еңбек адамын дәріптеудің жарқын мысалы – бұл. Тұлғадан тағылым деген –осы.
Қайнар ОЛЖАЙ