00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Дәулеткерей КӘПҰЛЫ: Астанада қазақ тілінің болашағына үлкен қамқорлық бар

29 шілде, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Дәулеткерей КӘПҰЛЫ: Астанада қазақ тілінің болашағына үлкен қамқорлық бар
Фото: ашық дереккөз

  Биыл елордамыз өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтуде. Ширек ғасырлық кезеңде Астанамыздың әлеуметтік, экономикалық өзге де көрсеткіштері қарыштап өсті. Сонымен қатар, рухани, мәдени өмірі де заман талабына сай дамып келеді. Оның ішінде қазақ тілінің де жағдайы да бар.  Осы орайда Elorda.info  тілшісі Қзақстан жазушылар одағының Астана қаласы филиалының директоры, белгілі айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлымен сұхбаттасқан еді. 

Дәулетекерей мырза, сұхбаттың беташары ретінде өзіңіз басқарып отырған Қазақстан жазушылар одағы Астана қалалық филиалының тыныс тіршілігі, тарихы туралы айтып өтсеңіз? 

 Сөзімнің басында мынаны айта кеткім келеді.  Алатаудан арқаға елорда саламыз деп басталған алғашқы көштің бел ортасында біздің қаламгерлер жүрді. Олардың арасынан сол тұста Парламент төрінде отырған Шерхан Мұртаза, Алдан Смайылов, ағаларымыз бен Фариза Оңғарсынова апаларымызды айтуға болады. Тәуелсіз еліміздің ең алғашқы Мемлекеттік хатшысы болған жазушы Әбіш Кекілбай ағамызды ауыз толтырып айта аламыз. Одан бөлек бір ғана Еуразиялық ұлттық университет ашылған тұста, соның алғашқы уығын қадасу үшін Мырзатай Жолдасбеков бастаған Ақселеу Сейдімбек, Рымғали Нұрғали, Мырзатай Серғалиев, Тұрсын Жұртбай т.б көптеген әдебиетші- ғалымдарымыз келді. Осылайша бұрынғы Ақмола елдің жаңа астанасы болған алғашқы күннен-ақ ұлттың әдебиеті тамыр жая бастады.  Ал, филиалдың құрылу тарихына келер болсақ, Қазақстан жазушылар одағының Астана қалалық филиалы, көш келген алғашқы жылы-ақ ашылған ұйым. Сондықтан, биыл 25 жыл толып жатқан Астанамыздың түйдей құрдасымыз деп айтар едім. Филиалды алғашқы жылы қазақ халқының талантты жазушысы Табыл Құлиясов ағамыз басқарды. Ол кісіден кейін Әкім Тарази ағамыз біраз жыл жетекшілік етті. Одан кейін жоғарыда атын атап кеткен Алдан Смайылов, Несіпбек Айтұлы ағаларымыз басқарды. 

Бюджеттен бір тиын қаржы қарастырылмайтын қоғамдық ұйымсыздар. Қалай күн көріп жатсыздар? 

  Жоғарыда айтқан Несіпбек ағамыз басқарған уақытта астаналық барша қаламгерлер Сәкен Сейфуллин атындағы мұражайға жиналып жүрдік.  Себебі, одақтың Астана қалалық филиалы құжат жүзінде бар болғанымен, арнайы жеке ғимараты болған жоқ. Біраз уақыт  Ұлттық академиялық кітапхананың ішінде отырдық. 2018 жылы мені осы филиалға директор етіп тағайындады. Содан кейін жоғарғы жақтарға жағдайды түсіндіріп бірнеше мәрте хат жаздық. Нәтижесінде бізге Астана қалалық әкімдігі осы қазіргі отырған ғимаратты берді. Бұл 100 пайыз елорда әкімдігінің балансында тұрған ғимарат. Аумағы 480 шаршы метр. Бүгінгі таңда біздің барлық коммуналдық өзге де шығындарымызды Астана қалалық әкімдігі өтеп беріп отыр. Сондықтан, елорда әкімдігіне астаналық қаламгерлердің алғысы шексіз. 

Өзіңіз айтқан елордалық қаламгерлер Астанадағы тағы қандай әдеби-рухани шараларға мұрындық болып іске асырып жатсыздар?

 Өзіміздің жеке ғимаратымыз болған соң көптеген түрлі талқылаулар мен жиындар, кездесулер өткізіп тұрамыз. Жақында астаналық қаламгерлердің кітаптарын жинастырып, кітапхана жасақтадық. Бұл тұста да қала әкімдігі бізбен байланысын нығайтпаса үзген емес. 

Әсіресе, биылғы елорданың ширек ғасырлық мерейтойына орайластырып елордалық 80 ақын жазушыға 500 мың теңгеден сыйақы берді. Одан бөлек, 25 жас әдебиетшіге «Үздік жас қалмгер», -деген арнайы сыйлық тағайындады. Оның да көлемі жарты миллион теңгеден. Енді, қазан айындағы Республика күні қарсаңында жоғарыдағы сый-сияпатқа ілінбей қалған 60 қаламгерімізді де осылай марапаттаймыз деп отырмыз. Бұл бастаманы Астана әкімі Жеңіс Махмұдұлы өзі қолдап, қаржыландыруға уәде беріп отыр. 

Жөн екен. Енді өзіңіз білесіз қаламгер жүрген жерде тілдің, ділдің мүддесі қатар жүреді. Осы орайда Астанадағы қазақ тілінің дамуына қаншалықты үлес қоса алып жатсыздар? 

  2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай елордада тұратын отыз жас қаламгердің кітабының шығуына мұрындық, бастамашы болдық. Осы кітаптардан авторларға 100 данадан қаламақы ретінде бердік те, қалғанын қаладағы метептердің кітапханаларына тегін тараттық. Бұндағы мақсатымыз, қалада жаңадан ашылған мектептер көп. Бірақ, олардың көпшілігі кітаппен әсіресе қазақ тіліндегі көркем әдебиетпен қамтамасыз етіле бермейді. Қазақ тілінде шыққан көркем әдебиетті мектептерге жеткізіп, сол арқылы жас ұрпақтың ана тіліне, туған әдебиетіне деген қызығушылығын арттырсақ дейміз. Онсыз да аралас мектептердегі қазақ тілінің жағдайы өте мүшкіл екенін бүгінігі қоғамда бәріміз көріп отырмыз. Сондықтан, болашақта қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қалыптасуы үшін жас ұрпаққа насихаттау жұмысын жолға қоюымыз қажет деп санаймын.  

 Осы шыққан 30 автордың кітабы да әкімшіліктің қаржысымен шықты. Биыл да жасы елуден асқан 50 астаналық қаламгердің кітабын шығарсақ деп әікімдікке ұсыныс айттық. Қала әкімі қолдау білдіреміз деп уәде беріп отыр. Ол кітаптар да шығып жатса, олардың да басым бөлігін қаладағы мектептердің кітапханаларына жібереміз, деп отырмыз. Бұл сенің сауалыңа орай, қаламгерлердің Астанадағы қазақ тілінің болашағына жасап жатқан үлкен қамқорлығы деп санаймын. 

Осы жерде бір сауал туындап тұр. Қазіргі кезде интернет пен технологияның заманы. Сол себепті, «жас ұрпақ кітап оқымайды»,- деген пікірлер жиі айтылады. Осыған қатысты не айтасыз? 

Бұл сұрағыңа мынандай бір көзбен көрген мысалмен жауап берейін. Осы Астанада «Фолиант» деген баспа бар. Сол баспа  жыл сайын дәстүрлі түрде халықаралық кітап көрмесін ұйымдастырады. Биыл алтыншы рет өткізді. Қатарынан төрт күн өтетін көрмеге Астана әкімдігі қала мектептеріндегі оқушыларды таситын тегін автобус бөліп береді. Бұл да әкімдіктің руханиятқа жасап отырған үлкен қамқорлығы деп айтар едім. 

Қазір біздер «Кітаптан қашықтап кеткен ұрпақ өсіп келеді»,-деген ойды миымызға әбден сіңіріп алғанбыз. Бірақ, біздер сол көрме кезінде  балалардың кейбір кітаптарға қызығушылық танытып, ата-аналарына телефон соғып, «Осы кітапты сатып алайын деп едім»,-деп ақша сұрап жатқанын, бірнеше мәрте көрдік. Сол жерлегі сатушылардың айтуынша, бүгін жақсы кітап алып кеткен бала, ертеңіне басқа достарын ертіп келіп жататын да жағдайлар бар екен. Бұл жағдай мені қуантты. 

Дәуке, өзіңіз қалалық және Республикалық ономастикалық комиисия мүшесісіз. Осы тұрғыда қаладағы қазақша атаулардың оның ішінде бұрынғы сарында әлі күнге дейін ауыспай қалып кеткен ескі көше мекеме атауларының қазіргі жағдайы туралы ойыңызды білгім келіп еді? 

Ол жағынан алып қарасақ та біраз шоғырланып қалған дүниелер баршылық. Дегенмен, соңғы кезде мектептерге қазақ ақын-жазушыларының есімдерін беру, көше атауларын ауыстыру секілді мәселелер рет-ретімен шешіліп келе жатыр деп айта аламын. Мәселен, осы біз отырған «Шұбар» шағын ауданында бар-жоғы 100 метрлік көшеге қазақтың классик жазушысы Сәбит Мұқановтың есімі берілген екен. Енді, ертеректе беріліп кеткен дүние ғой. Осы мәселені қайта-қайта көтеріп жүріп, қазіргі таңда қаладан Көкшетауға қарай шыға берісте 2,5 шақырымдық ұзын көшеге осы кісінің есімін бергіздік. Осындай қаншама көшелер мектептер атуларынан бөлек, жүздеген мекемелердің атауларын қазақшалау жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, Астана күн санап ұлттық нақышта дамып, қазақыланып келеді. 

         Сұхбатыңызға рахмет!