00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Сайлау-2023: Үміт пен мүмкіндік

31 наурыз, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Сайлау-2023: Үміт пен мүмкіндік

Сонымен, жарты жыл күткен Парламент пен мәслихат сайлауына бақандай алпыс күн қалды. Алғаш рет Президент Қ.Тоқаев парламенттік сайлау жайлы өткен жылдың күзінде – 1 қыркүйекте өткен өзінің кезекті Қазақстан халқына Жолдауынан кейін хабарлаған болатын. Содан бері біраз саяси партия етек-жеңін жинап, күтілер саяси науқанға сақадай сай болу үшін өзара дайындық қимылдарын бастап кетті.

Алғашқы саяси әрекеттер қарашада болған кезектен тыс Президент сайлауында өтті. Бұнда партиялардың қатысы қандай, кандидаттар ғана қатысты ғой деген жұртқа, алдымен, өз үміткерлері арқылы партиялық жұмысты аймақтарда қайта жандандыру, бағдарламаларын электораттың елегінен өткізіп, сүзгіден өткізу болды.

Бұл жерде «Ауыл» мен Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясының саяси науқанда тәжірибе жинау қабілеті артқанын айту керек. Олардың алдағы сайлауда Парламенттен орын алып қалу дәмелері болса да, аймақтық мәслихаттарда ойып тұрып мандаттарға ие болуына мүмкіндіктері мол болмақ.

Екіншіден, президенттікке үміткер болған бүгінгі Президенттің сайлауалды бағдарламасын қолдау Коалициялық одақты құрған парламенттік партиялар мен қоғамдық ұйымдардың елеулі саяси мүмкіндіктері арта түспек. Мұнда Amanat партиясының жетекшілігімен барлық аймақтық деңгейдегі сайлауалды штабтардың жұмысы пысықталып, ресурстық әлеуеті еселене түскені, Парламент пен мәслихат орындарында тең бәсекелестік жағдайында басым дауыстарға ие болу деңгейі сақтала бермек.

Осы ретте коалициялық штабтарда сөйлеуде шешендігімен көрінген, саяси харизмасы бар Халықтық партияға жазда сайланып келген жаңа төраға Ермұхамет Ертісбаевтың тұлғалық қабілеті мен партиялық трансформациялық жұмысы әсер етпек. Әсіресе, солтүстік, шығыс облыстардың орыстілді халқы қызу қолдап жатса, таңғалмаймыз.

«Ақ жол» партиясы соңғы үш жылда сүреңсіз әрі білінер-білінбес ұстаныммен келді. Бәлкім, тұңғыш Президенттің кетуі әсер етті ме, әлде 2011 жылдан бері өзгермейтін, ешқандай трансформацияны өткізбеген партиялық басшылығы либералдық бағыттан айнығаны болар, әйтеуір саяси науқаннан науқанға, бизнесмендерше келісіп алып жұмыс істейтін әдетке салынғанын байқамай кеткен сияқты. Тек оларға саясатты меншіктейтіндей бизнес емес екенін естеріне түсіру керек. Дегенмен жүз мыңнан астам мүшесі бар, он жылда жинақтаған аудиториясы бар партияны саяси құрдымға жіберуден аулақпыз.

Айтпақшы, осы коалициялық топтағы қоғамдық бірлестіктердің де қайраткерлерінің мажоритарлық аралас жүйемен сайлануға мүмкіндіктері көп екенін айту керек. Олар да бүгінгі Президент Қ.Тоқаевтың жүргізіп жатқан бағдарламасын қолдап, белсенділіктерін көрсетті. Келешекке бір жағынан жақсы саяси дәстүр болды. Екінші жағынан, саяси енжарлықпен, бәсекелессіз депутаттық мандатқа ие боламын деуден де аулақ болулары керек.

Ал енді саяси эколог Азаматхан Әміртай төрағалық ететін су жаңа «Байтақ» партиясы жайында айтсақ. Өңірлерде филиалдарын жасақтап үлгергендігін, жергілікті белсенділерді ұйымдастыра алғандығын ескерсек, олардың сайлауда міндетті түрде басым дауыс жинауға оқталғанын байқау қиын емес. Эмоциясы жеткілікті лидерлері бар жасылдар сайлауда көп қызықтың көкесін көрсетіп, билікшіл партияларға ашық оппозиция болатын сықылды, сөздеріне сенсек. Әзірше қарқыны жаман емес, заманауи партия, қатарларына танымал тұлғаларды көптеп тартса, саяси мүмкіндіктері өспек, бірақ уақыт тапшы болып тұр.

Жақында ғана құрылған Respublika партиясы жөнінде ауыз толтырып айтар мазмұн аз. Жас кәсіпкерлер мен меценаттардан құралған, саяси тәжірибесі мен партиялық мектепті меңгермеген партия құрылтайшылары саясат толқынында жүзе алмайтын балапан секілді. Әрине, логикаға салсақ, сайлауға дейін кемінде бір жыл қоғаммен жұмыс істеп, ресурстарын жүйелеп, партия ретінде танымалдылығын күшейтуі керек еді. Меніңше, партия құрар алдында бір-екі рет «кофеленіп», «Конец власти» немесе «Окно Овертона» сияқты кітаптарды оқып, бір-екі коучтық семинар-тренингтерден өтіп, «ал, кеттікпен» партия ашып кеткен секілді. Алайда бұлардың қасында осыған дейін тіркей алмай жүрген өзге де саяси ұйымдар баршылық еді. Жолыболғыр республикашылдар барымен базарға салып, алдағы сайлауға қатысатын ниетті. Бірақ анау айтқандай әділ сайлауда мандаттарға ие болады деген сәуегейлікке салыну ерте сияқты.

Сөйтіп, «Болыс болдым, мінекей, бар малымды шығындап...» дейтін жеті партия 19 наурызда бәсекеге түседі. Көбі партиялық тізімдерін қайта жаңартып, сапаға қарай жұмыс істемек. Себебі жыл бойы «кім жаман, депутат жаман» деген сын-ескертпелерді жуып-шаюлары тиіс. Бұл енді «естуші партия» қағидасы хақында.

Жалпы партиялық тізімге ілінбей, бірақ партиядан алыстамай кеткен не тіптен бөлек жүрген қайраткерлер республикалық маңызы бар қала мен облыстық мәслихаттардың жарты орнына (аудандық деңгейде толық орындарына), ал Мәжілістің 30 пайыздық мандаттарына, яғни 29 орынға бақтарын сынамақ. Ол үшін оларға үлкен қаржылық-материалдық ресурс, едәуір танымалдылық керек, әрине.

Сонымен бірге қоғамдық бірлестіктердің атынан саяси бәйгеге қосылу мүмкін екендігін де айта кетуіміз керек.

Бастысы, бұл жолғы сайлау әлі де болса көп қателікті де, жетістікті де ашып көрсетеді. Бірақ демократиялық даму жолында басым саяси өзгерістердің арқасында Қазақстан қоғамы бірнеше сатыға көтерілетінін жоққа шығармаған жөн.

Мақсат ЖАҚАУ, саясаттанушы 

#менсайлауғабарамын, #мендауысберемін, #сайлау2023