00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылғандарға 574,8 млрд теңге жәрдемақы төленді

21 қараша, 2024
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
Мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылғандарға 574,8 млрд теңге жәрдемақы төленді
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен

Жыл басынан бері мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 508,3 млрд теңге жұмсалды. Бұған қосымша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша шамамен 66,5 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

1 қарашадағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 542,2 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – шамамен 177,9 мың адамды құрады.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына байланысты болады.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері қайтыс болған асыраушының асырауындағы адамдардың санына, қайтыс болу себептеріне және ең төмен күнкөріс деңгейіне байланысты болады.

Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-тен әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Мәселен, 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 99,9 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 66,3 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.

Төлемдердің мөлшері жеке және мыналарға байланысты: соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты ауыстыру.

Бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін ұқсас жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 7%-ға өсті. ҚР Үкіметінің шешімі бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-дан төленетін төлемдердің мөлшері де 7%-ға артты.

Мысалы, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін –  95 496 теңгені, 2-топ үшін – 76 397 теңгені, 3-топ үшін 52 089 теңгені құрайды, - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратында.

2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 59 256 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша – 63 743 теңгені құрайды.