Шымкент қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінде бойы екі метрге жуық, аяқ киім өлшемі 47 болатын сарбаз борышын өтеп жүр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қатардағы жауынгер Денис Мухин 19 жаста. Ол Алматы облысынан мерзімді әскери қызметке шақырылған. Әскерге дейін Талғар политехникалық колледжін «автоэлектрик» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Денис бала кезінен волейболмен айналысқан. Оның айтуынша, бойы мен аяқ киім өлшемінің үлкен болуы әкесінен дарыған. Тоғызыншы сыныпта-ақ 45 өлшемді аяқ киім киген.
Сарбаздың бой ерекшелігі әскери қызметінің алғашқы күндерінде-ақ байқалған. Оқу пунктінде өзіне шақ аяқ киім іздестірілген кезде әскери бөлім берген кроссовкамен бірнеше күн жүруге тура келген. Кейін тыл қызметі оған 47 өлшемді аяқ киім тауып берген.
Содан бері үлкен өлшемді аяқ киім Денистің әскери киіміндегі бірден көзге түсетін ерекшеліктердің біріне айналған.
Қазір ұландық Шымкент көшелерінде күн сайын патрульдік қызмет атқарып, қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Денис қаруластарының арасында бойымен ғана ерекшеленбейді. Ол қазақ тілін жақсы меңгерген және күнделікті қазақша еркін сөйлеседі.
Бүгінде көшеде бойы ұзын сарбазға тұрғындардың назары жиі ауады. Ал қаруластары оны әзілдеп «Гулливер» деп атап кеткен.
Бұған дейін бір мектептің сегіз түлегі Ұлттық ұлан қатарында әскери борышын өтеп жүргенін жазған едік.