Жеңілдетілген автонесиені кез келген адам ала алмайды – автосарапшы
Темір тұлпарды жеңілдетілген автонесимен алған әлдеқайда тиімдірек. Мұнда төмен пайызбен алуға болады әрі шарттары да жеңіл. Алайда бұл бағдарламаның артықшылықтарымен қатар кемшіліктері де жоқ емес. Өзі 6 ай жүгіріп жүріп 4 пайыздық автонесиемен көлік алған автосарапшы Диас Нұрақын Elorda.info тілшісіне осы бағдарламаның қыр-сырын ашып айтып берді.
Жеңілдетілген автонесиенің артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталып өтсеңіз... Қарпайым несиемен мысал келтіре отырып, салыстырып көрсек, қаншалықты тиімді?
Жеңілдетілген автонесие қазақстандықтар үшін өте тиімді. Өйткені жылдық мөлшерлемесі бар болғаны – 4 пайыз. Бұл, қарапайым тілмен айтқанда, көліктің ақшасын жеті жылға бөліп төлеу. 10 млн теңгеге көлік алсаңыз, 7 жылдан кейін 11 млн 400 мың қылып қана қайтарасыз. Үстіне қосылатын үстемақысы – 1 млн 400 мың теңге ғана. Ал ай сайын төленетін ақысы 136 мың теңге шамасында болады. Бұл - өте тиімді. Алғашқы жарнасы жоқ. Көлікті таңдайсыз. Банктен рәсімдейсіз.
Оқи отырыңыз: Шетелдік көліктерді заңдастырмаған жағдайда қандай жаза қолданылады
Автокөлік өртенген жағдайда не істеу керек
Шетелдік көліктерді заңдастыру үшін қандай құжаттар керек
Ал стандартты автонесие бұдан бірнеше есеге қымбат. Қазір банктердегі ең аз мөлшерлемелердің өзі 22-24 пайыз шамасында. Ондай пайыздағы несиемен көлік алу үшін алдымен көліктің бағасының 20 пайызын құю керек. Мәселен, 10 млн-ға көлік алсаңыз, 2 млн алғашқы жарнасын төлейсіз. Қалған 8 млн теңгесін 7 жылға рәсімдеген кезде ай сайын төлейтін сомаңыз 254-258 мың шамасында шығады. Оның барлығын жеті жылға есептесеңіз, ол соманың үстіне тағы бір көліктің сомасын қосып қайтарасыз. Ал алдында алғашқы жарна ретінде төлеген 2 млн теңгеңізді қоссаңыз, алған 8 млн ақшаңыз18 млн болып банкке қайтады.
Сол себепті стандартты автонесие емес, жеңілдетілген автонесие өте тиімді болып отыр. Бұл – өте жақсы бағдарлама.
Жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасының аты бар да заты жоқ
4 пайызбен несие беретін бізде бірнеше банк бар. Олар: Еуразиялық банк, Центркредит банкі, Халық банк және т.б. Солардың кез келгенінен алуға болады. Бірақ ол үшін азаматтардың несие тарихы міндетті түрде тексеріледі. Әдеттегі ипотека немесе басқа да кредит алған сияқты тексеріліп, рәсімделеді. Егер ай сайынғы төлем қабілетіңіз, айлығыңыз, шамаңыз сізге берілетін кредитті төлеуге жетсе, ешқандай кедергі жоқ. Басты талаптары: несие тарихы таза болуы тиіс, 6 ай зейнетақы қорындағы түсім болуы керек және тұрақты жұмыс орныңыз болуы қажет. Осы талаптарға сай болған кез келген азамат бұл жеңілдетілген автонесиені ала алады. Оны алу үшін алдымен автосалонға барып, өзіңіз таңдаған көлік кезегіне тұру керек. Көлік кезегі өте ұзақ. Біздегі ең қиын процесс – осы. Өйткені автосалондарда несие тұрмақ, қолма-қол ақшаға сатып алушылар үшін де көлік жоқ. Барлығын бірдей кезекке қояды. Кезектің күту ұзақтығы шамамен 3-6 ай, тіпті 9 айға дейін созылып кетеді. Одан кейінгі мәселе қазір 4 пайызбен беруге арналған қаражат банктерде таусылды. Алғашқы уақытта-ақ таусылып қалған. Сондықтан қазір көлікпен қоса банктерде ақша да жоқ. Көлікті күтесіз, оның кезегі келгенде банкке барасыз, банктерде сол мезетте ақша болса, рәсімдеп аласыз. Қаражат болмаса, оны да күту керек. Осындай қиындықтар болып жатыр. Жалпы жақсы бағдарлама болғанымен, бізде бір жүйеге қойылған жоқ. 4 пайызбен жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасының аты бар да заты жоқ, яғни салонда көлік жоқ, банкте ақша жоқ. Қазір халық осындай тығырыққа тіреліп отыр.
Автокредитті бірнеше банктен алуға болғанымен, кез келген адам ала алмайды. Неліктен? Кімдерге беріледі?
Автонесиені кез келген адам ала алмайды. Студенттерге, зейнеткерлерге, жұмыс істемейтін азаматтарға берілмейді. Жоғарыда атап өткенімдей, соңғы алты айдағы зейнетақы түсімдері болуы тиіс. Несиені төлей алатын жағдайы болуы керек. Отбасылық шығындарыңыз, басқа да несиелік шығындарыңызды алып тастағаннан кейін осы несиені төлейтіндей ақша қалуы тиіс. Тек сол кезде ғана беріледі. Бұл көліктер несиеге алынғандықтан, жеті жылға алсаңыз да, бес жылға алсаңыз да, оны толық төлеп болғанша бұл көлікті басқа біреуге сата алмайсыз. Құжаттың барлығы өзіңізде болғанымен, Әкімшілік полиция департаментінде базада көлікке арест (тыйым) қойылып тұрады. Есептен шығара алмайсыз. Кейін несиені толық төлеп болған соң ғана кепілден шығарып аласыз. Бұл да ипотекаға үй алған секілді ғой. Ипотекаға баспана алсаңыз, ол да кепілге қойылады ғой, мұнда да сол секілді болмақ. Жеңілдетілген автонесиемен бір көлік алған азамат екі жылдың ішінде тағы бір темір тұлпар ала алмайды. Екі жыл уақыт өтуі тиіс. Мәселен, бүгін бір көлік алып, бес айдан кейін тағы бір көлік, бір жылдан соң тағы бір темір тұлпар ала алмайды. Оның барлығы қоғамда манипуляция тудырмас үшін жасалып отыр. Жеңілдетілген автонесиемен бір адамға екі жылда бір-ақ рет қана көлік беріледі.
Бұрынғы мен қазіргі автонесие бағдарламасының айырмашылығы неде?
Иә, дұрыс айтасыз. Бұрын да осы 4 пайыздық автонесие бағдарламасы елімізде болған. Бірақ сол уақытта ол мемлекеттік емес, коммерциялық жоба болды. Еуразиялық даму банкі мен Халық банктің бірлескен жобасы еді. Ол кезде көптеген адам көлік алды. Кейіннен бұл бағдарламаға да бөлінген ақша таусылып, көлікке деген кезек көбейді. Сол кезде кезекке тұрған азаматтардың көпшілігі әлі күнге дейін көлік алған жоқ. Қазіргі автонесие бағдарламасы да сол бағдарлама шартымен жасалып отыр. Айтарлықтай бір өзгерістер жоқ. Тек бір ерекшелігі, бұрын бір жеке банктің коммерциялық бағдарламасы болса, қазір бұл мемлекеттік бағдарлама ретінде жүргізіліп отыр.
Жеңілдетілген автонесиемен көлік алатындар автосалондарда 9 ай кезек күтеді
Қандай көліктерді жаңа жеңілдетілген автонесие бағдарламасымен алуға болады? Ең арзаны қайсы, бағасы қанша теңгеден басталады. Ал ең қымбаты ше?
Жеңілдетілген автонесие бағдарламасымен Қазақстанда құрастырылған кез келген көлікті сатып алуға болады. Kia, Hyundai, Renault, ВАЗ (Lada), Jac және басқа да көліктер бар. Басты талап Қазақстанда жасалған болуы керек. Екінші талап жеңілдетілген автонесие бағдарламасымен сіз алатын көліктің ең жоғары құны 15 млн теңгеден аспауы қажет. Ал көлікке берілетін несие сомасы банктерде 10 млн теңге ғана. Сіз автосалонда 15 млн тұратын көлікті аласыз. Оның 10 млн теңгесін банктер несие ретінде ғана береді. Қалған 5 млн теңгесін өз қалтаңыздан щығаруыңыз керек. Дәл сол сияқты 11-12 млн теңгенің көліктерін алуға болады. Соның 10 млиллонын банк береді. Қалғанын өзіңіз төлейсіз. Үшіншіден, 6-7 млн теңге тұратын көліктерді де ала беру керек. Ол кезде банк сізге 6-7 млн теңге ғана береді. Қазақстанда ең қолжетімді және ең көп сатылған көлік ретінде Chevrolet Cobalt-ты айтуға болады. Бұл темір тұлпардың, ең алдымен, бағасы арзан. Ең максималды жабдықталған комплектациясының өзі 6 млн 900 мың теңге шамасында тұрады. Екіншіден бұл көлік қолжетімді. Басқа салондарда көлік кезегіне тұруыңыз керек. Көлік жоқ. 6 айлап, 9 айлап кезек күтуіңіз керек болса, бұл көлікті көп болса 10-15 күн ғана күтесіз. Бұл темір тұлпарлар зауыттан көптеп шығарылып жатыр. Бүгін барып, тапсырыс беріп, кезекке жазылып қойсаңыз, 2 аптаның ішінде көлігіңізді салонға жеткізіп береді. Ары қарай банкке барып, рәсімдеп аласыз. Осы жағынан алғанда тиімді болып отыр. Ертерек көлік алуды жоспарлап жүрген азаматтар 6-9 айлап кезек күткенше, осы бар көлікті ала берейік деп жатыр. Бұл көліктің мықтылығынан, сапалы болуынан деп айта алмаймын. Қолжетімділік жағынан, баға жағынан, кезек күту жағынан қазақстандықтар үшін осы көлік тиімді болып отыр.
Отандық автоөндірушілер жеңілдетілген автонесие бағдарламасына дайын болмай шықты
4 пайыздық автокредит басталмай жатып, нарықта көлік бағасы күрт көтерілді. Оған не себеп болып отыр?
4 пайыздық автонесие бағдарламасы басталады дегенде, көпшілігіміз енді Қазақстандағы көліктің бағасы арзандайтын болды. Елдің барлығы көшеде жүрген ескі-құсқы көліктердің орнына жаңа көлік мінеді деп бөркімізді аспанға аттық. Оның ішінде өзім де бармын. Бірақ біз ойлағандай болмай шықты. Осы бағдарлама ашылғалы көліктің құны, керісінше, қымбаттап кетті. Неге десеңіз, біріншіден, көлік тапшылығы. Біздің автосалондар, автоөндірушілер бұл несие бағдарламасына дайын болмай шықты. Алғашқы уақытта бұл бағдарламаға мемлекеттен 100 млрд теңге бөлінді. Бірақ, өзіңіз білесіз, автосалондар мен халық дүрлігіп кетті, көптеген кезек болды. Халық көлік таба алмады. Сол себепті біз бар ақшаға көлік ала алмай, біраз қиналғанбыз. Осыны пайдаланып, алыпсатарлар, делдалдар көлік құнын көтеріп жіберді. Нарықтағы баға бірнеше есеге өсті, қазір де бұл жағдай қайталанып отыр. Мәселен, Hyundai Elantra деген көліктің жаңасы автосалондарда шамамен 11 млн теңге тұратын болса, ал ескісі - 2020, 2021 жылғылары 20-30 мың шақырым жүріп тастаған екінші нарықтағы көлік kolesa.kz сайтында, тіпті, автосалондардың өзінде 13-14 млн теңгеден сатылып жатыр.
Автосалондарда жаңа көліктерге қарағанда ескі көліктер қымбат
Ескі көліктер жаңа көліктерге қарағанда қымбаттау. Бұл – қитұрқылық. Trade-in деген бағдарлама бар. Онда алыпсатарлар көлікті алып-сатумен айналысып кеткен, біреудің ескі көлігін сатып алады, үстіне 400-500 мың теңге қосып, қайтадан сатуға шығарады. Ал оларға салондағы жаңа көліктердің емес, ескі көліктердің тезірек өткені тиімді. Сол себепті бұлар қолдан кезек ұйымдастырып жатыр деп ойлаймын. Себебі өзім көлік сатып алған кезде Hyundai көлігін 10 млн 700 мың теңгеге алдым. Дәл сол көліктер, жүрілген, 2021 жылғы темір тұлпарлар 13-14 млн теңгеден автосалонның тұрағында толып тұрды. Бұл бізде жаңа көліктерге қарағанда ескі көліктердің қымбат екенін көрсетеді. Қолма-қол ақшаға сатып аламын десеңіздер де қазір автосалондарда жаңа көліктер жоқ. Оны күту керек. Тіпті, Қазақстанда шығарылмайтын, Toyota, Lexus, BMW, Мерседес сияқты шетелдік брендтердің өздері қазір еркін сатылымда жоқ. Алам десеңіз, көлік құнының 20 пайызын алдын ала құясыз. Автосалондар 3-6 ай ішінде жеткізіп береміз деп сізбен келісімшартқа отырады. Бұл еліміздегі көлік тапшылығының қатты байқалып тұрғанын көрсетеді.
Жеңілдетілген автонесие беру басталғаннан кейін нарықтағы көліктердің бағасы қалай құбылады?
Көлік бағасы біз ойлағандай арзандаған жоқ. Күннен-күнге қымбаттап жатыр. Шетелдік автокөліктерді заңдастыру, оларға автосақтандыру жасалмайды деген сияқты тәртіп енгізілгелі бұл көліктердің бағасы одан әрі қымбаттайды деп ойлаймын. Өйткені 12 қаңтардан бастап біздің елге шетелдік нөмірі бар көліктер кіргізілмейді. Бұрын азаматтарымыз Грузиядан, Армениядан, Қырғызстаннан, Ресейден арзан көліктер сатып әкеліп, қажетіне жаратып мініп жүрсе, енді ондай мүмкіндік жоқ. Өйткені жол жүру ережесінде шетелдік көліктерге сақтандыру полисі берілмейді деген ереже енгізілді. Сіз көлік әкелгеніңізбен, оны елімізде емін-еркін басқара алмайсыз. Жол сақшылары тоқтатып, сақтандыруыңыз жоқ деп, айыппұл салады. Мұның барлығы шетелден арзан көліктердің елімізге көптеп әкелуіне берілген тойтарыс деп есептеймін. Өйткені біздің нарық қазақстандық емес, өзге мемлекеттің нөмірлерін таққан көліктерге толып кетті. Олар бір жағынан жақсы болса, екінші жағынан кемшіліктері де жоқ емес. Жақсы тұстарына тоқталып өтсем, бағасы арзан, халыққа тиімді. Кемшіл тұсы жол ережесін сақтамайды, өйткені оларға айыппұл салынбайды, салық төлемейді, камераларға түспейді. Осыны білгендер жол ережесін жиі бұзады, салдарынан жол апаттары көбейіп кетті. Осыған тосқауыл қою үшін Үкіметтің жасап отырған шарасы деп білемін.
Аяулым Серікқызы