00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Жолдауда күрделі мәселелерге нақты шешімдер ұсынылды – ҚХА мүшесі

3 қыркүйек, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Жолдауда күрделі мәселелерге нақты шешімдер ұсынылды – ҚХА мүшесі
фото: Elordainfo

Жолдау – елдегі саяси маусымның бастауы ғана емес, мемлекет дамуының жаңа бағыт-бағдарын айқындайтын елеулі оқиға. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Максим Споткай айтты, деп хабарлады Elorda.info.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, біз аз ғана уақыт ішінде елімізде бірегей саяси реформаларды сәтті іске асырдық. Ал жаңа кезеңде аталған өзгерістерді экономикалық-әлеуметтік бастамалармен бекемдей түсудің маңызы зор.

Сондықтан, Мемлекет басшысы Жолдауда еліміздегі экономикалық саясаттың жаңа моделін қалыптастыруға басымдық берді. Жарияланған бастамалар ауқымды, кешенді әрі сан салалы десек, қателеспейміз.  Себебі олардың қатарында орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау әрі қорғау, елге инвестиция тарту, агроөнеркәсіпті дамыту, бәріне бірдей түсінікті, ашық, әділетті салық саясатын жүргізу және т.б. маңызды бастамалар көп, - деді ол.

Мемлекет басшысы АЭС салу мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ.

«Жолдауда күрделі мәселелерге нақты шешімдер ұсынылды. Әсіресе, су мәселесі мен көлік-логистика саласындағы проблемаларға ерекше назар аударылды. Президентіміз аталған бағыттардың маңызын ескере отырып, қордаланған мәселелердің жүйелі шешімі ретінде жаңа министрліктер құру туралы бастама көтерді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қойылғанын баршаңыз жақсы білесіздер. Президентіміз АЭС салу мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Бұл жерде Мемлекет басшысы ұлтымыздың қасіретті тарихи тәжірибесіне және бүгінгі қоғамдық пікірге ерекше назар аударып отырғанын байқадық. Сондықтан, Қасым-Жомарт Кемелұлы аталған мәселені жалпыұлттық референдумға салу туралы ұстанымын жария етті. Мұндай ашықтық және халықтық шешімді биік қою қағидаты азаматтар тарапынан қызу қолдау тауып отыр, - деді ҚХА мүшесі.

Ол Жолдауда көтерілген мәселелер мен көрсетілген бағыттар экономикамызды дамытып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған дейді. 

«Жолдау барысында Президентіміз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру айрықша маңызды міндет екенін атап өтті. Бұл жұмыстар, ең бірінші кезекте, жастарымызға бағытталатыны белгілі. Мемлекет бұл ретте де игі қадам жасап отырғанын баса айтқан жөн.     

Оның дәлелі – «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің енгізілуі. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Бұл бастама жас ұрпақтың сапалы білім алуына үлкен мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда Жолдауда көтерілген мәселелер мен көрсетілген бағыттар экономикамызды дамытып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Бұл, әрине, мемлекет үшін ғана емес, әрбір азамат үшін де ортақ міндет. Сондықтан, сол міндеттердің орындалуы жолында жұмыла еңбек етейік дегім келеді», - деп сөзін түйіндеді Максим Споткай.