Мәжіліс депутаты бір палаталы Парламент туралы пікірін айтты

Президент бір палаталы Парламентке көшуді ұсынған бетте қоғамда бірден «бізге екі палата керек пе, әлде біреу жете ме?» деген пікірталас басталып кетті. Осыған қатысты Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында пікірін жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Заң шығару жұмысында ең басты екі критерий бар – сапа мен уақыт! Біріншісінен, яғни сападан бастайын... Заң жобасы бұл тек мәтін емес. Ол - жүздеген беттен, саны көп мақала мен қолданыстағы заңнамаға жасалған сілтемелерден жасақталған құжат. Депутаттың саяси қарымы қаншалықты мықты болса да, ол жұмыр басты пенде. Кей-кезде заңдардың «тәуекелі көп» немесе «әлсіз» тұстарын байқамауы мүмкін. Есіңізде ме, математикада біз белгілі бір санның бөлгіштерін іздегенде, бөлгіштер қаншалықты көп болса, соншалықты сол санның құрылымын толық түсінетін едік қой. Бір ғана бөлгіш суретті толық ашпайды! Ол неғұрлым көп болса санның барлық қырын көре аласыз.Парламентте де жағдай дәл сондай», - деді спикер.
Оның айтуынша, бір депутат қатені байқамай қалуы мүмкін, екіншісі оны көріп түзейді, ал үшіншісі оның жетілдірілген немесе тіпті басқа баламасын ұсынуы мүмкін.
«Депутат математикадағы санның дәл осындай бөлгіші сияқты. Әр депутат заң жобасына жаңа бір қырынан қарайды. Сенаттың Мәжіліске қайтарған нормаларын еске түсірсек, депутат санының осы математикалық аспектісін дұрыс түсінеміз. Себебі осылайша ғана қоғамның сұрауы көбірек қамтылып, халықтың пікірі кеңірек ескеріледі. Оның үстіне «көп сүзгіден өткен құжаттың қатесі аз» деген қарапайым формула дәл осы кезде нақты жұмыс істейді. Бұдан алатын қорытынды – көз бен құлақ көп болған сайын, заң жобасының мәтіні де сапалы болмақ. Бұдан бөлек іссапарлар санын да ұмытпаған жөн. Сенат пен Мәжілістің депутаттары өңірлерге барған шақта кездесулер көп өтеді. Естіген ақпарат мол болса, мәселені шешудің де жолы көп болары анық», - деді халық қалаулысы.
Мәжіліс депутатының пікірінше, осы күнге дейін Сенат өз функциясын жақсы, әрі абыроймен атқарып келеді.
«Мәжілісте назардан тыс қалған қандай да бір мәселені екінші палатада түзеп отырады. Ол саяси ерік-жігер арқасында емес, заңды мұқият қайта-қайта оқитын адамдар көптігі есебінен жүзеге асады. Мұндағы айтпағым Парламенттің қос палатасы «аға-бауырдай» болып тату-тәтті жұмыс жасаса да, қызылкеңірдек болып бір-бірімен пікірталасқа түсіп жатса да нәтиже біреу – ол заң сапасының артуы! Енді екінші критерий – уақыт! Бұл критерий заманның қазіргі талаптарынан туындап отыр. Аумалы-төкпелі кезеңде тез қимылдау қажет. Бұл туралы Президентіміз үнемі айтып келеді», - деді ол.
Сондай-ақ депутат екі палаталы жүйенің әлсіз тұсын да айтты.
«Екі палаталы жүйенің бір әлсіз тұсы – заң жобасын қарау мерзімінің ұзақтығы. Заң жобасы Мәжілістен, одан кейін Сенаттан өтеді, түзетулермен қайтарылады, кейін төменгі палатамен қайта пысықталады. Кейде бұл үдерістің бірнеше айға созылып жататыны бар. Мемлекет сыртқы саяси дағдарыстар, экономикалық реформалар тәрізді түрлі сын-қатерге қарсы шұғыл әрекет етуі керек. Мұндайда бұл жүйенің айтарлықтай кедергі келтіретіні де рас.
Қазақстан бір палаталы жүйеге көшіп жатса, жаңа палатадағы депутаттар саны қазіргі Мәжілістегіден көп болады деп ойлаймын. Жоғарыда айтқанымдай көз де құлақ та көп болуы тиіс. Шешім бір орталықтан қабылданып, заңдарды қарау мерзімі қысқарып жаста құбақұп», - деді депутат.
Анас Баққожаев «Заңдар сапасын қандай қосымша амалдармен күшейтуге болады?» деген сауалға жауап берді.
«Бір палаталы Парламентті сынаушылардың көтеріп жүрген басты мәселесі «Сапаны қалай жоғалтпауға болады?» Жауап мынадай. Сапа тек депутаттар санымен емес, оларды қолдау жүйесімен де қамтамасыз етілуі керек. Ол үшін әр норманы тексеретін сарапшы, талдаушы және заңгерді көптеп тартып Парламент аппаратын күшейту. Сенат пен Мәжіліс бірігіп жатса олардың аппарат қызметкерлері де бірігіп, жұмыстың осы жағы күшейе түседі деп ойлаймын. Сонымен қатар заң жобалары Парламентте ғана емес қауымдастықтар, ғылыми топтар алаңдарында да талқылануы үшін қоғамдық тыңдаулар институтын дамытуды тоқтатпау қажет. Мәжіліс жанында қоғамдық палата бар. Жұмысы құптарлық. Тағы бір маңызды нәрсе - заңдардағы қайшылықтарды тез анықтау үшін жасанды интеллектіні көбірек пайдалану да пайдалы боларына сенімдімін», - деді депутат.



