Астанада зиялы қауым өкілдері Президент Жолдауын талқылады
Елордадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде зиялы қауым өкілдері Мемлекет басшысының Жолдауын талқылады, деп хабарлады Elorda.info.
Кездесуде Астана қаласы мәслихатының депутаты Ләззат Разбекова Жолдауда айтылған әйелдердің зейнеттік жасы туралы өз пікірін білдірді.
Жолдауда әлеуметтік мәселелерге басымдық беріледі. Соның ішінде қашан да өзекті болған әйелдердің зейнеттік жасы өз шешімін тапты деп ойлаймын. Яғни, әйелдер үшін зейнеттік жас деңгейі 2028 жылға дейін 61 жас болып белгіленеді. Бұл жаңалықты әйелдер қауымы көп күтті. Жолдауда айтылған әрбір мәселені шешу жолын ең бастысы халыққа дұрыс түсіндіру қажет, – деді мәслихат депутаты.
Жиын барысында Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері Ирак Елекеев әділ және құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадамдарды атап өтсе, тарих ғылымдарының докторы Галина Алпысбаева мектепке дейінгі білім беру, ҰБТ және студенттерге қажетті жағдай жасау туралы талқылады.
Айта кетейік, Жолдаудағы әр саланы талқылаған кездесуді Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті бірлесіп ұйымдастырды.