Армия көзбояушылық үшін емес, нақты нәтиже үшін дамуы керек – Қорғаныс министрі

28 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Армия көзбояушылық үшін емес, нақты нәтиже үшін дамуы керек – Қорғаныс министрі
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрі генерал-майор Айдос Мырзахметов ведомствоның басшылық құрамымен алғашқы жұмыс кеңесін өткізіп, армияны одан әрі жаңғырту мен реформалаудың негізгі бағыттарын айқындады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиында Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы берген армияны кешенді жаңғырту жөніндегі тапсырмаларды іске асыру мәселелері қаралды.

Министрдің айтуынша, әскери реформалар заманауи қауіп-қатерлерді, қарулы қақтығыстар тәжірибесін, әскери технологиялардың қарқынды дамуын және әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып жүргізілуі тиіс.

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, армияны дамытудағы негізгі басымдықтардың бірі – әскерлердің нақты жауынгерлік әзірлігін арттыру.

Сондай-ақ басқару жүйесін жетілдіру, жауынгерлік даярлық сапасын көтеру, қару-жарақ пен әскери техниканы дамыту міндеттері қойылды.

Әскери қызметшілердің моральдық және жауынгерлік рухын нығайтуға да ерекше мән берілмек. Командирлерге әскери ұжымдарда тұрақты моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру, тәрбие жұмысының сапасын арттыру және әскери қызметшілердің қызмет ету жағдайларын жақсарту тапсырылды.

Әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жарғыдан тыс қарым-қатынастардың алдын алу және мұндай жағдайларға жол бермеу мәселелері де назарда болады.

Айдос Мырзахметов әскери қызметшілерді даярлау тәсілдерін қазіргі заманғы ұрыс қимылдарының ерекшеліктеріне барынша жақындату қажеттігін атап өтті.

Оқыту барысында практикалық тәжірибеге, заманауи қақтығыстарды талдауға және жаңа технологияларды қолдануға басымдық берілмек.

Атап айтқанда, ұшқышсыз жүйелер, радиоэлектрондық күрес құралдары, барлау және байланыс технологияларын пайдалану тәсілдері ескерілетін болады.

Әскери бөлімшелердің нақты міндеттерді орындауға дайындығына да басымдық берілді. Командирлерге жеке құрамның даярлығын жоғары деңгейде ұстап, бөлімшелердің үйлесімді іс-қимылын және түрлі жағдайда әрекет етуге тұрақты әзірлігін қамтамасыз ету тапсырылды.

Реформаның тағы бір бағыты – әскерлерді басқару жүйесін жетілдіру.

Министрлік мәліметінше, бұл ретте басқару процестерін одан әрі цифрландыру, артық әкімшілік рәсімдер мен есептілікті қысқарту көзделіп отыр. Практикалық маңызы төмен кеңестерді азайту арқылы босатылған ресурстарды әскерлердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағыттау жоспарланған.

Материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесі де жетілдірілмек. Сатып алу және ресурстарды бөлу кезінде әскерлердің нақты қажеттіліктері мен жауынгерлік даярлықтың басым бағыттары ескерілмек.

Айдос Мырзахметов бюджет қаражатын тиімді пайдалануды, тиімсіз шығындарға жол бермеуді және қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруды тапсырды.

«Армия есептік көрсеткіштер мен көзбояушылық іс-шаралар үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек. Әрбір үдеріс, әрбір шешім және бөлінген әрбір ресурс практикалық нәтижеге ие болып, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс. Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек», – деді Қорғаныс министрі.

Жұмыс кеңесінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қорғаныс министрлігінің қызметіне жүргізіліп жатқан кешенді тексерудің барысы да қаралды.

Құрылымдық бөлімшелердің басшыларына комиссия жұмысына қажетті қолдау көрсетіп, сұратылған барлық ақпаратты ұсыну тапсырылды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен өткізген кеңесте әскери реформа жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын.