«Таза Қазақстан»: Астаналық оқушылар экологиялық викторинаға қатысты
Астана қаласы әкімдігінің №2 балалар кітапханасында «Таза Қазақстан – экологиялық мәдениет» атты экологиялық-ағартушылық викторина өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Іс-шара 2024-2029 жылдарға арналған экологиялық мәдениетті дамытудың республикалық тұжырымдамасын іске асыру аясында ұйымдастырылып, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қызығушылық танытқан елордалық оқушылардың басын қосты.

Кездесудің негізгі мақсаты – өскелең ұрпақ арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Ұйымдастырушылар балалардың білімін тексеріп қана қоймай, кітап арқылы табиғатқа құрметпен қарауға тәрбиелеуді және кітапхананың экологиялық ағартудағы маңызды рөлін көрсетуді көздеді.
«Бағдарламаның негізгі бөлігі интерактивті викторина болды. Оқушылар табиғатты қорғау, тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану тақырыптарындағы сұрақтарға белсенді жауап берді. Қатысушылар қоршаған ортаны қорғау мәселелеріндегі білімдері мен жауапкершілігін көрсетті», - делінген хабарламада.

Олардың назарына кітапхана қызметкерлері дайындаған тақырыптық кітап көрмесі де ұсынылды. Көрмеге көркем, ғылыми-көпшілік және танымдық әдебиеттер қойылды. Кітапханашылар оқушыларға ұсынылған басылымдарға шолу жасап, экология тақырыбындағы мазмұнды әрі қызықты кітаптармен таныстырды.
Іс-шара экологиялық білімді насихаттауға және жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды қадам болды. Сонымен қатар кітапхананың жауапты ұрпақ тәрбиелеуге ықпал ететін маңызды алаңдардың бірі екенін көрсетті.
Еске салсақ, Елорда оқушылары макулатураны қайта өңдеу процесімен танысты.