Елімізде жүрек-қантамыр ауруларынан болатын өлім 35,1%-ға төмендеді
Бүгін – Дүниежүзілік жүрек күні. Осыған орай жүрек-қантамыр аурулары әлемде өлім мен мүгедектіктің негізгі себептерінің бірі болып қала беретінін атап өткен маңызды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, жүрекке қатысты қауіпті факторлардың басым бөлігін бақылауда ұстауға болады. Артериялық қысымның жоғары болуы, темекі шегу, дұрыс тамақтанбау, дене белсенділігінің төмендігі, артық салмақ және қант диабеті – ықпал етуге болатын әрі ықпал ету қажет факторлар.
«Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыс нақты нәтижелер беріп отыр. Соңғы бес жылдың ішінде қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім 35,1%-ға, сырқаттанушылық шамамен 15%-ға төмендеді», - делінген хабарламада.
Оң динамика биыл да сақталуда. Алты айдың қорытындысы бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық:
- қанайналым жүйесі аурулары бойынша – 2,4%-ға;
- артериялық гипертензия бойынша – 6,7%-ға;
- жүректің ишемиялық ауруы бойынша – 6,6%-ға;
- инсульт бойынша – 2,3%-ға төмендеді.
«Бұл нәтижелер кардиологиялық және инсульттік қызметтерді дамыту бойынша жүйелі жұмыстың нәтижесі. Елде бейінді орталықтардың желісі кеңейтіліп, жоғары технологиялық операциялардың көлемі ұлғаюда, жедел медициналық көмек жетілдірілуде, инфаркт пен инсультті емдеудің заманауи хаттамалары енгізілуде. Алайда мемлекеттік шаралар әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қараған жағдайда ғана тиімді болады», - деп хабарлады ДСМ.
Ведомство азаматтарға артериялық қысым мен қандағы қант деңгейін тұрақты түрде өлшеп тұруды, профилактикалық тексерулерден өтіп, көбірек қимылдауды, темекі шегуден бас тартып, дұрыс тамақтануға шақырды.
Еске салсақ, елімізде алғаш рет хирургтар роботтың көмегімен асқазанға күрделі операция жасады.