Елімізде алғаш рет хирургтар роботтың көмегімен асқазанға күрделі операция жасады

29 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Елімізде алғаш рет хирургтар роботтың көмегімен асқазанға күрделі операция жасады
Фото: ДСМ

Қазақстанда алғаш рет Алматы онкология орталығында асқазанның бір бөлігін үлкен хирургиялық тілік жасамай алып тастау бойынша роботтың көмегімен операция жасалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Операцияны орталықтың хирургтар тобы роботтандырылған хирургиялық жүйені қолдана отырып орындады.

Ота кезінде ICG-навигациясы – хирургқа қажетті анатомиялық құрылымдарды неғұрлым анық көруге мүмкіндік беретін технология қолданылды. Сондай-ақ онкологиялық қағидаттарға сәйкес өңірлік лимфа түйіндерін алып тастауды көздейтін D2 лимфодиссекциясы жүргізілді.

Алматы онкология орталығы онкохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, PhD докторы Нұрлан Балтаев операцияның қалай өткенін және роботтандырылған хирургияның қандай мүмкіндіктер ашатынын айтты.

«Роботтандырылған жүйе хирургқа жоғары дәлдікпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Біз операциялық алаңды үлкейтілген үш өлшемді кескін арқылы көреміз, анатомиялық құрылымдарды егжей-тегжейлі қарап, қолжетімділігі қиын аймақтарда күрделі манипуляциялар жасай аламыз. Сонымен қатар жүйе хирург қолының табиғи микродірілін сүзгіден өткізеді», – деді ол.

Пациент үшін роботтандырылған технология үлкен хирургиялық тіліктің орнына шағын тесіктер арқылы күрделі операция жасауға мүмкіндік береді. Бұл операцияның жарақаттылығын азайтып, пациенттің барынша жылдам қалпына келуіне жағдай жасайды.

Асқазанға жасалған операция Алматы онкология орталығы мамандары орындаған он бесінші роботтандырылған операция болды. Бұған дейін роботтандырылған операциялар тоқ ішек пен тік ішек, қуықасты безі, бүйрек және жатыр денесінің аурулары кезінде жүргізілген.

Министрліктің мәліметінше, аталған орталықта жыл сайын 3 мыңнан астам операция жасалады, оның 60 пайыздан астамы аз инвазивті әдіспен орындалады. Бірқатар жағдайда осы тәсілдің арқасында пациент операция жасалған күні-ақ орнынан тұрып, қозғала бастайды.

Роботтандырылған технологияларды енгізу заманауи онкологиялық хирургияның мүмкіндіктерін кеңейтіп, аз инвазивті тәсілдерді қолдана отырып, уақыт өткен сайын күрделі операцияларды орындауға мүмкіндік береді.

Бұған дейін Астанада бір донор үш адамның өміріне үміт сыйлағанын жазған едік.