Қазақстан Дүниежүзілік банкпен 33 жылда 50-ден астам жоба іске асырды

29 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Қазақстан Дүниежүзілік банкпен 33 жылда 50-ден астам жоба іске асырды
Фото: Ұлттық экономика министрлігі

Қазақстан Дүниежүзілік банктің қолдауымен 33 жыл ішінде жалпы сомасы $8 млрд-тан асатын 50-ден астам жобаны жүзеге асырды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңіріндегі әл-ауқат мәселелері жөніндегі өңірлік директоры Абебе Адугнамен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде Қазақстанның экономикалық жағдайы, реформалардың негізгі бағыттары, инфрақұрылымды дамыту және алдағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Серік Жұманғарин Қазақстанның Дүниежүзілік банк тобымен әріптестігі стратегиялық сипатқа ие екенін атап өтті. Бірлескен жобалар көлік, білім беру, қоршаған ортаны қорғау, жасыл технологиялар және цифрландыру салаларын қамтиды.

Кездесудің негізгі бөлігі инфрақұрылымды дамыту және оны қаржыландыру тетіктеріне арналды. Дүниежүзілік банк өкілдері инфрақұрылымдық инвестициялар институционалдық және реттеуші реформалармен қатар жүруі қажет екенін айтты.

Қазақстан тарапы инфрақұрылымды дамыту мәселесін ішкі қажеттілікпен қатар өңірлік тұрғыдан да қарастырып отырғанын жеткізді. Атап айтқанда, Орталық Азияны басқа өңірлермен байланыстыратын көлік бағыттарын дамытуға басымдық берілмек.

«Қазақстанның инфрақұрылымы – Орталық Азияның ірі бірыңғай инфрақұрылымдық тізбегін құрудағы алғашқы қадам ғана. Сөз тек біздің ішкі жолдарымыз бен теміржолдарды жақсарту туралы ғана болып отырған жоқ. Бұл жолдардың барлығы біз үшін және көрші елдер үшін тиімді болуын қамтамасыз етуіміз керек», – деді Серік Жұманғарин.

Кездесу қорытындысында Дүниежүзілік банк халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстанмен инфрақұрылымды қаржыландыру тетіктері бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екенін растады.

Бұдан бұрын Қазақстан Орталық Азия елдері арасында әл-ауқат индексінде көш бастағаны хабарланған еді.