Жастардың 80 пайыздан астамы Қазақстанның болашағына сенеді
Қазақстан жастарының 80%-дан астамы ел болашағына сенімді. Бұл туралы Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының дерегіне сәйкес, қазақстандық жастардың 80%-дан астамы елдің болашағына сеніммен қарайды. Сонымен қатар жастардың 75%-дан астамы қазіргі өміріне, 77%-ға жуығы алып жатқан немесе алған білімінің сапасына көңілі толатынын айтқан.
Сауалнамаға қатысқан жастардың 60%-дан астамы білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні оқытуды маңызды деп санайды.
Бүгінде Қазақстанда 6 миллионға жуық жас бар. Бұл ел халқының үштен біріне жуық бөлігін құрайды.
Жастардың білім алуына және кәсіби дамуына жағдай жасау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып отыр. Кейінгі бес жылда білім гранттарының саны 1,5 есе артып, 250-ден астам студенттік жатақхана пайдалануға берілген. Соның нәтижесінде жатақханадағы орын тапшылығы алты есе азайған.
Осы кезеңде 1,4 миллионға жуық жас жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. 190 мыңға жуық жас кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, 22 мыңнан астамы өз кәсібін ашуға мемлекеттік грант алған.
Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламаларының қатарында 35 жасқа дейінгі азаматтарға бағытталған «Наурыз» және «Отау» бағдарламалары бар.
2026 жылдың басынан бері 1,5 мыңнан астам оқушы мен студент республикалық және халықаралық байқаулар мен фестивальдерге қатысқан. Олардың 1,2 мыңнан астамы жеңімпаз және жүлдегер атанды.
Сонымен қатар еліміздің барлық өңірінде жас дизайнерлер, музыканттар, өнер, кино, медиа, IT және цифрлық сала өкілдеріне арналған креативті хабтар жұмыс істейді. Астанада Креативті индустрияларды дамыту қоры құрылған.
Жас таланттарды қолдауға бағытталған «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы, 18-35 жас аралығындағы авторларға арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлық, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы және «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты бар.
Жастардың қоғамдық және мемлекеттік үдерістерге қатысуына да көңіл бөлінуде. Қоғамдық кеңестердегі жастар квотасының үлесін 2027 жылға қарай 20%-ға жеткізу жоспарланған.
Президенттік жастар кадр резервінің төрт іріктеуіне 60 мыңға жуық үміткер қатысып, 500 адам резервке алынған. Олардың 418-і жауапты қызметтерге тағайындалған.
Бүгінде Қазақстанда 300 мыңнан астам жас волонтерлікпен айналысады.
Бұған дейін астаналық оқушылардың Еңбек күнін ерекше флешмобпен атап өткенін жаздық.