Қызылордада инвестициялық жоба аясындағы 60 млн теңгенің заңсыз шығарылғаны анықталды

30 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Қызылордада инвестициялық жоба аясындағы 60 млн теңгенің заңсыз шығарылғаны анықталды
Фото: Elordainfo.kz

Қызылордада мал шаруашылығын дамытуға бөлінген қаражаттың 60 млн теңгесі заңсыз шығарылған, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚМА-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2021 жылы «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қатысуымен «Сыздық Ата» ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылған. Жобаның жалпы құны 311 млн теңгені құраған.

Жоба Жаңақорған ауданы тұрғындарын қолжетімді бағамен сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз ету және ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту мақсатында жүзеге асырылған.

Осы жоба аясында «Байқоңыр» ӘКК» серіктестіктің жарғылық капиталына 151,5 млн теңге салған. Қаражатқа 1 600 бас қой, 130 бас ірі қара және ет өнімдерін қаптауға арналған жабдық сатып алынған.

ҚМА мәліметінше, мал сатып алынғаннан кейін ЖШС басшысы қаражаттың бір бөлігін заңсыз шығару схемасын ұйымдастырған. Тергеу деректеріне сәйкес, жалпы сомасы 60 млн теңге күдіктінің бақылауындағы «Нұрай» және «Абылайхан» жеке кәсіпкерліктерінің шоттарына аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған.

«Күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен оған тиесілі екі автокөлікке тыйым салынды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етілмейді», – делінген хабарламада.

Бұған дейін «Air Astana»-да 1 млрд теңгеден астам қаржы жымқыру ісі бойынша үкім күшінде қалғаны хабарланған еді.