2026 жылғы 18-24 қазан аралығында Жапонияның Нагоя қаласында және Айти префектурасының спорт нысандарында V Азия Пара ойындары өтеді. Жарысқа Азияның 40-45 елінен 4 мыңнан астам спортшы мен ресми делегация өкілдері қатысады деп күтілуде. Ойындар аясында параспорттың 18 түрінен 502 медаль жиынтығы сарапқа салынады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы 12 спорт түрінен 179 спортшыдан жасақталады. Астананы алдағы жарыста сегіз спорт түрінен 24 спортшы таныстырады. Олар: пара жеңіл атлетика, пара жүзу, пара үстел теннисі, пара оқ ату, пара велоспорт, пара дзюдо, бочча және отырып ойнайтын волейбол. Бұл туралы Астана қаласы Коммуникациялар қызметі алаңында Астана қаласы әкімдігінің «Елорда» мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған спорт клубы» КММ-нің басшысы Азамат Тагаев айтып берді.
Астана құрамасының құрамы
Пара жеңіл атлетикадан Айсулу Сүлейменова 100 және 200 метр қашықтықта, Дастан Ордабай 400 және 1500 метр қашықтықта сынға түседі.
Пара жүзуден елорда намысын Сиязбек Далиев, Али Тұрғанбек және Бекасыл Қасымбек қорғайды. Спортшылар жүзудің түрлі әдістері бойынша 50-ден 400 метрге дейінгі қашықтықтарға қатысады.
Пара үстел теннисінен Астананы Александра Степанова, Алтынай Ержанқызы, Балзия Таш және Антонина Рогова таныстырады.
Пара оқ атудан Севда Алиева, Никита Ермаков, Александр Пасхалиди, Айгерім Төлегенова, Айсулу Мұқашбекова және Ардақ Оторбаев өнер көрсетеді.
Пара велоспорттан Ринат Марденов пен Берік Картбай қатысады.
Пара дзюдодан Астана атынан Ерғали Шамей, Бауыржан Арыстанбеков және Асылан Нұрдәулетов бақ сынайды.
Боччадан Итиана Шыңғысханова мен Ерхат Алмат, отырып ойнайтын волейболдан Алмат Оспанов пен Берік Измағанбетов қатысады.
Халықаралық жарысқа дайындық
V Азия Пара ойындарына жоспарлы дайындық аясында Астана спортшылары ұлттық құрама сапында бірнеше оқу-жаттығу жиынын өткізді.
Дайындықтың қорытынды кезеңінде жаттығу процесіне, спортшылардың функционалдық жағдайын бақылауға, медициналық сүйемелдеуге және жарыс тәжірибесін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Спортшылар қажетті спорттық құрал-жабдықтармен және керек-жарақтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар фармакологиялық және дәрумендік қолдау ұйымдастырылған.
Аталған жұмыстар спортшылардың дайындық деңгейін арттыруға және алдағы жарыстарда өз мүмкіндіктерін толық іске асыруына қажетті жағдай жасауға бағытталған.
Өткен Азия Пара ойындарындағы нәтижелер
2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия Пара ойындарына Қазақстан құрамасы спорттың 13 түрінен 131 спортшымен қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама 41 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 8 алтын, 12 күміс және 21 қола медаль бар.
Астанадан жарысқа спорттың төрт түрінен 10 спортшы қатысып, бес медаль иеленді. Оның ішінде екі алтын, бір күміс және екі қола медаль бар.
Пара дзюдодан Ерғали Шамей 73 келіге дейінгі салмақта, Ақмарал Науатбек 48 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алды. Асылан Нұрдәулетов 73 келіге дейінгі салмақта күміс, Бауыржан Арыстанбеков 90 келіге дейінгі салмақта қола медаль иеленді.
Пара жүзуден Сиязбек Далиев эстафетада қола жүлдегер атанды.
Астана спортшылары V Азия Пара ойындарының алдындағы оқу-жаттығу жиындарының қорытынды кезеңінде дайындықтарын жалғастыруда. Параспортшылардың жарысқа сапалы дайындалуы және халықаралық аренада өнер көрсетуі үшін қажетті жағдай жасау жұмыстары одан әрі жалғасады.