Қазақстан мен Өзбекстан стартаптары халықаралық нарыққа бірге шығады

Қазақстан мен Өзбекстан стартаптары халықаралық нарыққа бірге шығады
Фото: Astana Hub

Қазақстан мен Өзбекстанның технологиялық компанияларына халықаралық нарыққа шығуға қолдау көрсетіледі. Бұл бағытта Astana Hub, IT Park Uzbekistan және Eurasia Growth Hub ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Astana Hub баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құжатқа Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев, IT Park Uzbekistan бас директоры Азамат Қараматов және Eurasia Growth Hub бас директоры Мұзаффар Қарабаев қол қойды.

Серіктестік аясында бірлескен форумдар, вебинарлар, іскерлік миссиялар мен B2B кездесулер өткізу жоспарланған. Бұл екі елдің стартаптары мен технологиялық компанияларына әлеуетті тапсырыс берушілермен, стратегиялық серіктестермен, реселлерлермен, жүйелік интеграторлармен, инвесторлармен және акселераторлармен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – қазақстандық және өзбекстандық стартаптардың Ұлыбритания және басқа да шетелдік нарықтарға шығуына қолдау көрсету. Eurasia Growth Hub арқылы нарықты зерттеу, бизнесті дамыту және операциялық мәселелерді шешуге көмектесетін soft landing тетіктерін іске қосу көзделіп отыр.

Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиевтің айтуынша, екі елдің технологиялық экожүйелері мен халықаралық серіктестерінің мүмкіндіктерін біріктіру IT-компаниялардың шетелдік нарықтарға шығуына жағдай жасайды.

«Қазақстан мен Өзбекстанда мықты технологиялық командалар мен дарынды кәсіпкерлер шоғырланған. IT Park Uzbekistan-мен бірлесе отырып, біз олардың халықаралық нарықтарға шығуына, жаңа тұтынушылар мен серіктестер тауып, өз өнімдерін дамытуына жан-жақты қолдау көрсеткіміз келеді», – деді Мағжан Мәдиев.

IT Park Uzbekistan бас директоры Азамат Қараматов бұл серіктестік стартаптарға серіктестер мен тапсырыс берушілер табудан бастап, инвестиция тартуға дейінгі бағыттарда жаңа мүмкіндіктер беретінін атап өтті.

Меморандум аясында жасанды интеллект және ғылыми-зерттеу мен тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелер (R&D) саласындағы бірлескен жобалар да қарастырылған. Атап айтқанда, білім алмасу, пилоттық жобалар мен менторлық бағдарламаларды іске асыру, сондай-ақ технологиялық компаниялардың ғылыми және білім беру ұйымдарымен байланысын күшейту жоспарланған.

«AI & Digital Bridge 2026» халықаралық технологиялық форумы Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы «AI MONTH» айлығының негізгі халықаралық іс-шараларының бірі болды.

Бұған дейін AI & Digital Bridge 2026 қазақстандық стартаптарға Силикон алқабына жол ашатыны хабарланған еді.