Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі бастамалары Қазақстанның бұл саладағы ішкі реттеумен қатар, халықаралық деңгейдегі пікірталастарға да белсенді қатысуына жол ашады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының саяси зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Нұрдәулет Затилла пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚСЗИ-ге сілтеме жасап.
Сарапшының айтуынша, жасанды интеллект Қазақстан үшін абстрактілі технология болудан қалып, мемлекеттік қызметтер, банк секторы және денсаулық сақтау сияқты салаларға еніп келеді. Елде суперкомпьютерлік инфрақұрылым дамып, деректерді өңдеу орталықтарын құру бойынша жобалар жүзеге асырылуда.
«ЖИ күнделікті өмірге неғұрлым терең енген сайын оның қателігінің құны да соғұрлым жоғары болады. Сондықтан ЖИ қауіпсіздігі – азаматтардың мемлекетке деген сенімі мәселесі. Егер алгоритм адамға қатысты шешім қабылдауда қателессе, оның алдында шетелдік технологиялық компания емес, жергілікті басқару жүйесі жауап береді», – деді Нұрдәулет Затилла.
ҚСЗИ сарапшысы Қазақстанда цифрлық технологияларды қолдануды реттейтін құқықтық база қалыптасып келе жатқанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл елге халықаралық деңгейдегі ережелерді әзірлеу үдерісіне белсенді араласуға мүмкіндік береді.
«Қазақстан өңірде жасанды интеллект саласын ішкі деңгейде реттеуді алғашқылардың бірі болып бастады. Енді жаһандық ережелерді қалыптастыруға бақылаушы ретінде емес, белсенді қатысушы ретінде атсалысуға дайын екенін көрсету маңызды», – деп атап өтті сарапшы.
Нұрдәулет Затилла Мемлекет басшысының халықаралық келісімге қатысты ұстанымында құжатты сарапшылардың мұқият зерделеуіне басымдық берілгеніне назар аударды. Оның айтуынша, халықаралық деңгейдегі ортақ құжат әр мемлекетке өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беретін форматта әзірленуі керек.
«Жаһандық модельге айналу үшін мұндай құжатты жетілдіру қажет. БҰҰ қамқорлығымен жасалатын шарт туралы ұсыныстың мәні де осында. Бұл – әрбір елдің өз дауысы болатын формат. ЖИ тәуекелдері ұлттық шекаралардан асып түсетіндіктен, мемлекеттер мен бизнестің үйлестірілген іс-қимылы қажет», – деді ол.
Сарапшының пікірінше, ЖИ саласындағы халықаралық талқылауда технологияны әзірлейтін мемлекеттермен қатар, оны пайдаланатын елдердің де мүддесі ескерілуі тиіс.
«ЖИ жарысындағы басты мәселе қай модельдің өзгелерден озып кеткенінде емес, олардың салдары үшін кім және қалай жауап беретінінде. Компаниялардың ерікті міндеттемелерін барлығына ортақ ережелерге айналдыру мәселесі маңызды. Қазақстан бұл үдеріске неғұрлым ертерек қосылса, отандық компаниялар мен азаматтардың мүдделерін халықаралық деңгейде ескеру мүмкіндігі де соғұрлым артады», – деп түйіндеді ҚСЗИ сарапшысы.
Мемлекет басшысы бұған дейін жасанды интеллектіні дамыту Қазақстанның экономикалық және технологиялық дамуы үшін маңызды бағыт екенін атап өткен. Қазақстанда ЖИ саласын құқықтық реттеудің негізгі қағидаттары да заңнамалық деңгейде бекітілді.
Бұған дейін Президенттің ЖИ технологиясын дамытуды көздейтін «Вашингтон моделін» құптағаны хабарланған еді.