Шаруаларға 2027 жылғы егіс үшін қаржы ертерек беріледі
Көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында жалпы сомасы 665 млрд теңгеге 5,8 мыңға жуық агроөнеркәсіптік кешен субъектісі қаржыландырылды. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, бұған дейін қаржыландыру шаруаларға техника дайындауға, қажетті материалдық-техникалық ресурстарды сатып алуға және маусымдық жұмыстарды оңтайлы мерзімде жүргізуге мүмкіндік берген.
«Қазан айынан бастап келесі науқанға алдын ала дайындық үшін 2027 жылғы егіс жұмыстарын ерте қаржыландыру тетігі жалғастырылатын болады», - деп атап өтті вице-министр.
Сонымен қатар шаруаларға жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша жалпы құны 288 млрд теңге болатын 8,6 мың ауыл шаруашылығы техникасы берілген. «Даму» қоры арқылы фермерлердің кредиттік ресурстарға қолжетімділігін кеңейту үшін кепіл базасы жеткіліксіз шаруашылықтар үшін қарыз сомасының 85% мөлшерінде кепілдік беру тетігі қолданылады. Биыл шамамен 32 млрд теңгеге 480 мың тонна ауыл шаруашылығы өніміне келісімшарт жасалды. Осылайша форвардтық сатып алу егінді қаржыландырудың және кепілді түрде өткізудің қосымша құралына айналды.
Еске сала кетейік, шаруаларға астықты кептіруге қосымша дизель отыны бөлінді.