Қызмет алушылар күні: астаналықтарға мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес берілді

Қызмет алушылар күні: астаналықтарға мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес берілді
Фото: Василий Крась

Астанадағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының бірінде Қызмет алушылар күні ұйымдастырылып, елорда тұрғындары мен қонақтарына мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді алу тәртібі түсіндірілді. Азаматтар өздерін толғандырған мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдардың мамандарынан кеңес алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Іс-шараны ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті ұйымдастырды.

Әлеуметтік акцияға еңбек және әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау салаларындағы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті, Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мамандары азаматтардың жеке сұрақтарына жауап берді.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің бас маманы Ләззат Садудың айтуынша, мұндай іс-шараның басты мақсаты – азаматтардың пікірін тікелей тыңдап, мемлекеттік қызмет көрсету барысында туындайтын мәселелерді анықтау.

«Бүгін біз Қызмет алушылар күнін өткізіп жатырмыз. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылаушы орган ретінде біздің басты мақсатымыз – азаматтардың пікірін тікелей тыңдау, жүйелі мәселелерді анықтау және мемлекеттік қызметтерді алу процесін барынша қарапайым әрі ашық ету. Біз мемлекеттің диалогқа ашық екенін және халықтың мәселелерін жедел шешуге дайын екенін көрсеткіміз келеді», – деді Ләззат Саду.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бас маманы Айгүл Еспанованың айтуынша, іс-шара барысында қала тұрғындары негізінен әлеуметтік төлемдер мен әлеуметтік қолдау шараларына қатысты мәселелер бойынша жүгінген. 

Халыққа қызмет көрсету орталығына келген қала тұрғыны Елизавета Шевченко акция барысында мамандардан өзіне қажетті ақпарат алғанын айтты.

«Жұмыспен қамту басқармасына төлемдерге қатысты сұрақтарым бойынша жүгінген едім. Мүгедектік пен зейнетақы мәселесіне байланысты кейбір түсініксіз жайттар болды. Мамандар бәрін қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндіріп берді. Енді бәрін түсіндім, өте ризамын. Мұндай іс-шараға алғаш рет қатысып отырмын. Осындай мүмкіндіктің болғаны өте жақсы. Әр жерге барып, біреуді іздеп жүрмей-ақ, осында келіп, барлық сұрағыма жауап алдым. Ұйымдастырушыларға көп рақмет», – деді Елизавета Шевченко.

Еске сала кетейік, бұған дейін елордадағы сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде «Халық заңгері» әлеуметтік акциясы ұйымдастырылған еді.