Шаруаларға астықты кептіруге қосымша дизель отыны бөлінді

29 қыркүйек, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Шаруаларға астықты кептіруге қосымша дизель отыны бөлінді
Фото: primeminister.kz

Инвестициялық субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары шаруаларға ауыл шаруашылығы техникасы паркінің тозу деңгейін 70%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оның айтуынша, бүгінде жүргізіліп жатқан егін жинау науқанына 130 мың трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың жатка және 130 мың өзге де техника жұмылдырылды. Оның ішінде егін жинау жұмыстарына жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында сатып алған 12,7 мыңнан астам трактор мен 2 340 комбайн қатысуда. Бұл қолда бар тракторлар мен комбайндар паркінің шамамен 10%-ын құрайды. Инвестициялық субсидиялар бірінші кезекте отандық техника өндірушілерді қолдауға бағытталған.

Сонымен қатар маусымдық дала жұмыстарын жүргізу үшін жанар-жағармай материалдарын жеткізу көлемдері төмендегідей бөлінді:

«Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін өңірлерге 401 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бүгінгі күнге 268 мың тоннасы немесе бөлінген көлемнің 67%-ы жөнелтілді. Сонымен қатар егін жинау кезеңіндегі жауын-шашынды ескере отырып, астықты кептіруге қосымша 41,3 мың тонна дизель отыны бөлінді», - деді Азат Сұлтанов.

Еске салсақ, Қазақстанда астық жинау 83 пайызға аяқталды.