Үкіметте жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралды
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Энергетика министрлігінің ЖЭО жаңғырту жөніндегі баяндамасын тыңдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Олжас Бектенов алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесін қарау шеңберінде жылу электр орталықтарын жаңғырту жағдайына назар аударып, бес ЖЭО-ның «қызыл аймақта» қалып отырғанын атап өтті.
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов «қызыл аймақта» қалған бес жылу электр орталығы бар екенін айтты, олар: Маңғыстау облысындағы «МАЭК» ЖШС ЖЭО-2, Абай облысындағы «Теплокоммунэнерго» МКК ЖЭО-1, Батыс Қазақстан облысындағы «Жайықжылуқуат» АҚ Орал ЖЭО, Қызылорда облысындағы «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК ЖЭО, Жамбыл облысындағы «Таразэнергияорталығы» АҚ ЖЭО.
Оның айтуынша, жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, әрбір станса бойынша жұмыс жоспарлары бекітілген, жөндеу науқаны Энергетикалық қадағалау комитеті тарапынан апта сайын қадағаланып, қаржыландыру көлемі 40%-ға артқан.
Сондай-ақ Сұңғат Есімханов қазіргі қарқын сақталған жағдайда жыл соңына дейін барлық нысан «қызыл аймақтан» шығарылады деп күтілуде деп мәлімдеді.
Еске сала кетейік, Жетісу өңіріндегі жылу желілерін жөндеуге 5,7 млрд теңге бөлінді.