Референдум-2026

Серік Жарасбаев Phygital Games International ұйымының басшылығымен кездесті

4 тамыз, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Серік Жарасбаев Phygital Games International ұйымының басшылығымен кездесті
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Астанада өтіп жатқан халықаралық мультиспорттық «Болашақ ойындары – 2026» турнирі аясында ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев халықаралық Phygital Games International ұйымының бас директоры Дэн Меркли және «Болашақ ойындары» жобасының жетекшісі Игорь Столяровпен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Кездесу барысында тараптар халықаралық турнирдің ұйымдастырылу барысын, қатысушы елдердің спортшылары мен делегациялары үшін қолайлы жағдай жасау мәселелерін талқылады. Сонымен қатар турнир бағдарламасының орындалуы, логистикалық қамтамасыз ету, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және фиджитал спортты дамыту бағытындағы алдағы жоспарлар қарастырылды.

Серік Жарасбаев Қазақстанның «Болашақ ойындарын» өткізуі еліміздің халықаралық деңгейдегі ірі спорттық іс-шараларды ұйымдастырудағы тәжірибесі мен әлеуетін айқын көрсететін маңызды оқиға екенін атап өтті. Оның айтуынша, турнир фиджитал қозғалысының дамуына жаңа серпін беріп, Қазақстанның жаһандық спорт кеңістігіндегі беделін одан әрі нығайта түседі.

Дэн Меркли мен Игорь Столяров турнирдің ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға беріп, қазақстандық тараптың дайындық жұмыстары халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетінін атап өтті.

Айта кетейік, «Болашақ ойындарында» Battle Royale (PUBG) дисциплинасындағы жарыстар аяқталды. Чемпион атанған Қытайдың 17 Gaming командасы 131 ұпай жинады. Қазақстандық DIGA Esports командасы 59 ұпаймен 14-орынға тұрақтады.

Фиджитал баскетбол дисциплинасында Қазақстанның GTB KZ және «Астана» ПБК командалары турнирдегі өнерін аяқтады. GTB KZ Қытайдың HandsomeMDMX командасына 27:30 есебімен жол берсе, «Астана» ПБК Черногорияның Dangerouse командасынан жеңіліп, жарысты аяқтады.

MOBA PC (Dota 2) дисциплинасында қазақстандық Rune Eaters командасы Перудің PlayTime ұжымын 2:0 есебімен жеңіп, ширек финалға жолдама алды.

Бүгін фиджитал футбол және мобильді MOBA дисциплиналары бойынша жарыстар жалғасып жатыр.

6 тамызға фиджитал би бәсекесі жоспарланған. Қазақстан намысын Гүлназ Аманғали қорғайды. Жарыс сағат 11:00-де «Барыс Аренасында» басталады. Ал 8 тамызда фиджитал жекпе-жек турнирі ұйымдастырылады. Қазақстан құрамасы сапында Богдан Пшебельский, Расул Хатаев және Нұржігіт Баймен өнер көрсетеді.

Оқи отырыңыз: Болашақ ойындары: Бір тәулікте турнир трансляцияларын қарау саны 100 млн-ға көбейді

Еске салайық, «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтіп жатыр.