Думан Сатаев: Астанада кез келген нысанды жобалауда климаттық жағдайды ескеру маңызды
Астана қаласының қарқынды дамуы инженерлік инфрақұрылымға қойылатын талаптарды да арттырып отыр. Қаланың сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, жаңа аудандарды инженерлік желілермен қамтамасыз ету, заманауи цифрлық технологияларды енгізу – бүгінде құрылыс саласындағы маңызды бағыттың бірі. Құрылысшылар күніне орай осы және өзге де мәселелер жөнінде «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС Инженерлік инфрақұрылымның кешенді шеберханасы су шаруашылығы секторының басшысы Думан Сатаевпен Elordainfo.kz тілшісі сұхбаттасты.
– Алдымен өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Құрылыс саласына қалай келдіңіз?
– Мектепте оқыған кезімде футболмен айналыстым, кәсіби спортшы болуды армандадым. Алайда спорттағы мансап пен жоғары білім арасында таңдау жасау уақыты келгенде, мамандыққа басымдық беріп, салмақты мамандық иесі болуды жөн санадым.
Құрылыс саласын саналы түрде таңдадым, өйткені оны қоғам үшін ең сұранысқа ие, келешегі бар әрі маңызды мамандық деп санаймын. 2013 жылы Еуразия ұлттық университетіне «Құрылыс» мамандығы бойынша оқуға түстім. Екінші курста мамандану бағытын таңдап, сумен жабдықтау және су бұру саласына бет бұрдым.
Университетті бітіргеннен кейін еңбек жолымды «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында бастадым. Алдымен апаттық-диспетчерлік қызметте жұмыс істедім. Кейін өндірістік учаскеге ауысып, су бұру қызметінің шебері болдым, бригада басқардым. Осы жылдары мол практикалық тәжірибе жинадым. Қаланың сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің қалай құрылғанын, қалай пайдаланылатынын, оған қалай қызмет көрсетілетінін және қалай дамитынын өз көзіммен көрдім.
Кейін «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС-ға ауысып, инженерлік инфрақұрылымды жобалау және дамыту жұмыстарымен айналыстым. Қазір алдағы жылдары сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуды анықтайтын шешімдерді әзірлеу жұмыстарына қатысып келемін.
– Астанада бас инженер ретінде қанша жылдан бері еңбек етіп келесіз? Қандай маңызды жобаларға қатыстыңыз?
– «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС су шаруашылығы кешенінің бөлім басшысы болып екі жылдан бері жұмыс істеймін. Біздің бөлім қаланың болашақтағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға жауапты, алдағы онжылдықтарға жоспарланатын стратегиялық шешімдерді әзірлеуге қатысады.
Осы уақыт ішінде бірнеше маңызды жобаға қатысуға мүмкіндік туды. Соның ең ірісі – Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспарын әзірлеу жобасы. Бұл құжатта елорданың болашақтағы инженерлік инфрақұрылымын дамыту бағыттары айқындалды. Сонымен қатар біздің ұжым Семей қаласының бас жоспарын әзірлеуге де қатысты.
Мен үшін маңызды жобалардың бірі – Астана қаласының сумен жабдықтау және шаруашылық-тұрмыстық су бұру салалық схемасын әзірлеу болды. Бұл жоба аясында қаланың сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің цифрлық гидравликалық моделі жасалып, инженерлік желілердің қазіргі және болашақтағы жұмыс режимдеріне гидравликалық есептеулер жүргізілді.
Осындай есептеулердің нәтижесінде жүйенің бүгінгі жағдайдағы ғана емес, халық саны мен қала аумағының өсуіне байланысты алдағы жылдардағы жұмыс тиімділігін де бағалауға мүмкіндік туады.
Сонымен қатар Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан Астана қаласына дейін магистральдық су құбырын тарту және №4 сорғы-сүзгі станциясын салу жобасын әзірлеуге қатыстым. Бұл – елорданы ұзақ мерзімді перспективада қосымша ауыз су көзімен қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық маңызы бар жоба.
Бұдан бөлек, диаметрі 2 200 миллиметрге дейін жететін және жалпы ұзындығы 35 шақырымнан асатын жаңа магистральдық кәріз коллекторын жобалау жұмыстарына қатыстым. Бұл коллектор ағынды суларды салынып жатқан КТҚ-2 тазарту құрылыстарына жеткізуге арналған. Аталған жоба елорданың инженерлік инфрақұрылымын дамытудағы ең ірі жобаның бірі.
– Құрылысшы мамандығының көпшілік біле бермейтін қандай қырлары бар?
– Көпшілік құрылыс саласын тек құрылыс алаңындағы жұмыстармен байланыстырады. Алайда кез келген нысанның артында орасан зор инженерлік еңбек, күрделі есептеулер және жан-жақты жобалау жұмыстары тұрады.
Әрбір жоба ондаған нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келуі тиіс. Оның ішінде құрылыс, санитариялық, экологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптары бар. Инженердің негізгі міндеті – нысан пайдалануға берілгеннен кейін туындауы мүмкін барлық жағдайды алдын ала ескеріп, оның қауіпсіз, сенімді әрі ұзақ жылдар бойы тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін шешімдер әзірлеу.
Егер өзім айналысатын инженерлік желілер туралы айтатын болсам, бұл салада әрбір бөлшектің маңызы зор. Құбырлардың төселу тереңдігі, еңістігі, инженерлік коммуникациялар арасындағы арақашықтық, гидравликалық есептеулер, сондай-ақ қаланың болашақтағы дамуы мен жаңа аудандарды инженерлік желілерге қосу мүмкіндігі – мұның барлығы жобалау барысында мұқият ескеріледі.
Сонымен қатар бүгінде экология, су ресурстарын тиімді пайдалану және сарқынды суларды сапалы тазарту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Бұл шешімдердің көпшілігі қарапайым тұрғындар үшін көзге көрінбейді. Алайда дәл осы инженерлік шешімдер қаланың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, тұрғындардың жайлы, қауіпсіз әрі экологиялық тұрғыдан қолайлы ортада өмір сүруіне негіз болады.
– Қазіргі Астанада құрылыс саласында қандай заманауи технологиялар мен материалдар кеңінен қолданылып жатыр?
– Құрылыс саласы үнемі дамып келеді. Жыл сайын жаңа материалдар, заманауи технологиялар мен инженерлік шешімдер енгізілуде. Бүгінде инженерлік инфрақұрылымды жобалауды заманауи цифрлық технологияларсыз елестету мүмкін емес.
Біз өз жұмысымызда сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін гидравликалық модельдеуге арналған арнайы бағдарламалық кешендерді қолданамыз. Көп көлемдегі бастапқы деректер негізінде инженерлік желілердің цифрлық моделі жасалып, гидравликалық есептеулер жүргізіледі. Жүйенің әртүрлі жұмыс режимдері мен қаланың болашақтағы даму жолдары модельденеді.
Мұндай технологиялардың арқасында жобалық шешімдердің дәлдігі артады, есептеулерді орындау мерзімі қысқарады және қабылданатын инженерлік шешімдердің тиімділігін құрылыс басталмай тұрып-ақ жан-жақты бағалауға мүмкіндік туады.
Құрылыс материалдары мен инженерлік жабдықтарға келетін болсақ, бұл салада ең басты талап – олардың заманауилығы ғана емес, ең алдымен сенімділігі. Сондықтан ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру кезінде ұзақ жылдар бойы өзінің тиімділігі мен беріктігін дәлелдеген техникалық шешімдерге басымдық беріледі.
Әсіресе Астана қаласының қатал климаттық жағдайларын ескеру өте маңызды. Сол себепті жобалау кезінде материалдардың беріктігіне, төмен температураларға төзімділігіне және оларды кейін пайдалану мен күтіп ұстаудың қолайлылығына айрықша көңіл бөлінеді.
– Биік ғимараттар мен әлеуметтік нысандарды салуда ең басты талап не?
– Менің ойымша, ең басты талап – қаланы дамытуды бас жоспарды әзірлеу кезеңінен бастап дұрыс жоспарлау.
Дәл осы кезеңде көпқабатты тұрғын үйлердің қай жерде орналасатыны, құрылыс тығыздығы қандай болуы керектігі, мектептерді, балабақшаларды, емханаларды және басқа да әлеуметтік нысандарды қай жерлерде салу қажеттігі айқындалады.
Бұл шешімдердің барлығы кездейсоқ қабылданбайды. Олар мемлекеттік нормативтерге, халық санының өсу болжамына және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуіне негізделген есептеулерге сүйене отырып әзірленеді.
Сонымен қатар кез келген жаңа құрылыс инженерлік инфрақұрылымды қатар дамытумен бірге жүруі тиіс. Яғни сумен жабдықтау, су бұру, жылумен жабдықтау, электрмен жабдықтау жүйелері мен көлік желісі жаңа құрылыс көлеміне сай болуы қажет.
Тек осындай кешенді көзқарас қана тұрғындар үшін жайлы, қауіпсіз әрі тұрақты дамитын қалалық ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.
– Астананың климаттық ерекшелігі құрылыс жұмыстарына қалай әсер етеді?
– Астананың климаттық ерекшеліктері құрылыс саласына ерекше талап қояды. Елорда шұғыл континенттік климат аймағында орналасқандықтан, қыста қатты аяз болса, жазда аптап ыстық болады. Мұндай температуралық ауытқулар ғимараттарды, инженерлік құрылыстар мен желілерді жобалау кезінде міндетті түрде ескеріледі.
Сонымен қатар қаланың кейбір аумақтарында, әсіресе сол жағалау бөлігінде, жер асты суларының деңгейі жоғары. Бұл жерасты құрылыстары мен инженерлік коммуникацияларды салуды едәуір күрделендіреді.
Сондықтан мұндай жағдайларда жер асты суларының деңгейін төмендету, сенімді гидрооқшаулау жүргізу және құрылыс конструкцияларын қорғау бойынша қосымша инженерлік шешімдер қарастырылады. Әрине, бұл құрылыс құнына да өз әсерін тигізеді.
Сол себепті Астанада кез келген нысанды жобалау кезінде инженерлік-геологиялық іздестірулерге ерекше мән беріледі. Жергілікті табиғи-климаттық жағдайларға бейімделген сенімді материалдар мен техникалық шешімдер таңдалады. Мұның барлығы нысандардың біздің климат жағдайында қауіпсіздігін, ұзақ мерзімді пайдаланылуын және инженерлік жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.
– Құрылыс алаңындағы қауіпсіздік талаптары қаншалықты маңызды?
– Мен тікелей құрылыс алаңында жұмыс істемеген болсам да, пайдаланушы ұйым – «Астана су арнасы» МКК-да үлкен тәжірибе жинақтадым. Сол тәжірибеге сүйене отырып айтарым, бұл салада қауіпсіздік талаптары әрқашан бірінші орында тұрады.
Әсіресе бұл су бұру жүйелерін пайдалану қызметіне қатысты. Кәріз желілерінде адам денсаулығы мен өміріне қауіпті газдар, соның ішінде метан және күкіртсутек түзілуі мүмкін. Қауіпсіздік талаптары сақталмаған жағдайда олардың әсері өте қауіпті болуы ықтимал.
Сондықтан мұндай жұмыстарды орындау кезінде қауіпсіздік талаптары қатаң сақталады. Міндетті түрде газ талдағыш құралдар, жеке қорғаныс жабдықтары, газға қарсы арнайы тыныс алу құралдары қолданылады. Сонымен қатар құдықтарға түсер алдында және жұмыс барысында ауа ортасына тұрақты бақылау жүргізіледі.
Бұл ережелер бекерден-бекер енгізілмеген. Олардың әрқайсысының артында нақты тәжірибе, адам өмірімен байланысты жағдайлар, кейде тіпті қайғылы оқиғалар жатыр.
Кез келген нысандағы ең басты құндылық – адам өмірі. Ешқандай өндірістік мерзім немесе орындалатын жұмыс көлемі адам қауіпсіздігінен жоғары тұра алмайды.
– Құрылысшының еңбегі көбіне көзге көріне бермейді. Сіз үшін осы мамандықтың ең үлкен құндылығы неде?
– Шынында да, құрылысшылар мен инженерлердің еңбегі көбіне көпшілікке байқала бермейді. Адамдар үйінде су бар, кәріз жүйесі жұмыс істейді, жылу, электр энергиясы және басқа да коммуналдық қызметтер қолжетімді болуы тиіс деп қабылдайды. Бірақ осының барлығының артында қаншалықты үлкен еңбек пен жауапкершілік тұрғанын көп жағдайда ойлай бермейді.
Сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне тоқталатын болсақ, бұл – көптеген күрделі кезеңдерден тұратын ауқымды жүйе. Ол су көздерінен су алуды, оны бірнеше сатылы тазартудан өткізуді, жүздеген шақырым құбыр желілері арқылы тасымалдауды, әрбір үйге жеткізуді, сондай-ақ пайдаланылған сарқынды суларды жинап, қоршаған ортаға қайтармас бұрын тазартуды қамтиды.
Осындай жүйенің тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеуі мыңдаған маманның еңбегінің арқасында жүзеге асады.
Менің ойымша, біздің мамандықтың мәнін дәл сипаттайтын бір ой бар: инженерлік инфрақұрылымды адамдар көбіне ол жұмыс істемей қалған кезде ғана байқайды. Ал краннан тәулік бойы таза су ағып, кәріз жүйесі қалыпты жұмыс істеп, үйлерде жылу мен жарық болып, қала өз ырғағымен өмір сүріп жатқанда, бұл тұрақтылықты қамтамасыз етіп отырған мамандардың еңбегі көп жағдайда көрінбей қалады.
Бәлкім, инженер мамандығының басты құндылығы да осында шығар. Біздің міндетіміз – миллиондаған адамның жайлы, қауіпсіз әрі сапалы өмір сүруіне жағдай жасау. Еңбегіміз көзге бірден көрінбесе де, оның нәтижесі күнделікті өмірдің тұрақтылығы мен қолайлылығынан байқалады.
– Сіз қатысқан нысандардың ішінде ерекше мақтан тұтатын жобаңыз бар ма? Неліктен?
– Аяқталған жобалар туралы айтатын болсам, мен ерекше атап өткім келетін жұмыстардың бірі – Астана және Семей қалаларының бас жоспарларын әзірлеу. Бұл жобаларға мен жобаның бас инженері ретінде қатыстым.
Осындай стратегиялық құжаттар қалалардың инженерлік инфрақұрылымын алдағы көптеген жылдарға дамыту бағыттарын айқындайды. Біздің команда әзірлеген шешімдердің бүгінде қалалардың даму негізіне айналып жатқанын түсіну – үлкен жауапкершілік әрі кәсіби мақтаныш.
Сонымен қатар қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан жобаларға да үлкен үміт артамын. Олардың қатарында №4 сорғы-сүзгі станциясын салу және Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан Астана қаласына дейін магистральдық су құбырын тарту жобасы, сондай-ақ КТҚ-2 тазарту құрылыстарына дейін жаңа магистральдық кәріз коллекторын салу жобасы бар.
Бұл объектілер – елорда үшін стратегиялық маңызы бар жобалар. Олардың іске қосылуы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің сенімділігін арттырып, қаланың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз етеді деп сенемін. Сонымен бірге бұл жобалар Астананың ұзақ мерзімді тұрақты дамуына берік негіз қалыптастырады.
- Сұхбатыңызға рахмет!