Астанада түнгі рейд: 59 жасөспірім құқық бұзғаны анықталды
Астанада кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында полиция рейдтік іс-шаралар жүргізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Шара барысында жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз қоғамдық орындарда жүруіне ерекше назар аударылды.
Тексеру кезінде сағат 23:00-ден кейін тұрғын үй аумағынан тыс жүрген және ойын-сауық орындарында ата-анасының қарауынсыз болған жасөспірімдер анықталды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері балалармен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабына сәйкес, 18 жасқа толмағандардың сағат 23:00 мен 06:00 аралығында ата-анасы немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз қоғамдық орындарда болуы әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Ал 132-бапта жасөспірімдердің түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына қатысты жауапкершілік қарастырылған», деп ескертті полиция.
Рейд нәтижесінде барлығы 59 кәмелетке толмаған құқық бұзушы анықталды. Оның 58-і түнгі уақытта ата-анасының еріп жүруінсіз жүргені үшін тіркелсе, бір жағдайда жасөспірімнің қатысуымен бұзақылық фактісі анықталды.
Сондай-ақ кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және олардың құқықтарын қорғау міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 10 ата-ана немесе заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өзге де құқық бұзушылықтар бойынша да шаралар қабылданды.
Астана қаласының полиция департаменті ата-аналарды балалардың бос уақытын, әсіресе түнгі мезгілде, қатаң бақылауда ұстап, олардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырды.
Еске салсақ, елордада ойын-сауық орындары мен қоғамдық қауіпсіздікке бақылау күшейтілді.