Референдум-2026

Астанада робот-курьерлер арқылы жеткізу қызметі іске қосылды

31 шілде, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада робот-курьерлер арқылы жеткізу қызметі іске қосылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада тапсырысты автономды түрде жеткізетін жаңа сервис тестілік режимде іске қосылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жобаның алғашқы кезеңінде Есіл және Нұра аудандарының тұрғындары «Яндекс Лавка» сервисінен тапсырысты жаяу жүргіншілер инфрақұрылымы арқылы өздігінен қозғалатын робот-курьерлердің көмегімен тегін ала алады.

Пилоттық жоба елорда әкімдігі, қалалық Полиция департаменті, «Astana Innovations» АҚ және Yandex Qazaqstan компаниясының бірлесуімен, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. 

Робот арқылы тегін жеткізу қызметіне «Яндекс Go» қосымшасының «Лавка» бөлімінде тапсырыс беруге болады. Егер көрсетілген мекенжай пилоттық жоба аймағына кірсе, пайдаланушы тапсырыс рәсімдеу кезінде кәдімгі курьерді немесе робот-курьерді таңдай алады.

Роботпен жеткізу үшін қосымша ақы алынбайды. Робот тұрғын үйге дейін жаяу жүргіншілер бағытымен келіп, кіреберіс алдындағы тротуарда немесе ең жақын қолжетімді орында тоқтайды. Пайдаланушы оның қозғалысын қосымша арқылы бақылап, келгеннен кейін смартфонның көмегімен жүк бөлігін ашып, тапсырысын ала алады.

«Астанада тұрғындарға арналған қалалық сервистерді қолжетімді әрі ыңғайлы ету үшін заманауи технологияларды кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Бұл жоба аясында біз автономды жеткізу қызметінің қалалық инфрақұрылым жағдайындағы жұмысын бағалаймыз. Негізгі назар қауіпсіздікке, сервистің сенімділігіне және пайдаланушылардың өзара байланысына аударылады. Алынған нәтижелер елордада автономды жеткізу қызметін одан әрі дамытуға негіз болады», – деді Astana Innovations басқарма төрағасы Ғизат Әмірғали.

Еске салсақ, Астанада қоғамдық тәртіп пен тазалықты жасанды интеллект бақылайды.