Астана әкімі гимнастшы Ақмарал Ерекешевамен кездесті

Бүгін, 19:03
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астана әкімі гимнастшы Ақмарал Ерекешевамен кездесті
Фото: Instagram/jenis_qasymbek

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек гимнастшы Ақмарал Ерекешевамен және оның жаттықтырушысы Меруерт Төлегенқызымен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Ақмарал маусым айында София қаласында (Болгария) өткен көркем гимнастикадан әлем чемпионатында жоғары шеберлігін көрсетіп, екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алды. Ақмаралдың ерекше өнері – қазақ гимнастикасы тарихындағы жаңа белес. Мұндай нәтижеге Қазақстан бұрын-соңды қол жеткізбеген.

Ақмаралдың осындай жеңіске жетуіне бапкері Меруерт Төлегенқызының кәсіби шеберлігі мен жанкешті еңбегі зор үлес қосты. Жүлделер – табанды еңбектің, төзімділік пен командадағы үйлесімділіктің жемісі.

«Өз тарапымыздан талантты спортшыларымыздың дамуына жағдай жасауды ары қарай да жалғастырамыз. Жуырда тағы бір жаттығу орны ашылады – «Жеңіс» спорт кешенінің жанынан көркем гимнастика талаптарына толықтай сай келетін жаңа залдың құрылысы жүріп жатыр. Сол сияқты жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларымызды ынталандыру мақсатында ай сайынғы қаржылай төлемдер қарастырылған.

Сіздерді жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Алдағы уақытта да толағай табыстар, жаңа рекордтар мен биік белестер тілеймін!» - деді елорда әкімі Жеңіс Қасымбек.