00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

«Сарыарқа» ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасына өтінім қабылдау басталды

«Сарыарқа» ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасына өтінім қабылдау басталды
Фото: Оңалхан Өнерхан

20 қаңтардан бастап «Сарыарқа» ауданы аппараты «Халық қатысатын бюджет-2025» жобасына өтінімдер қабылдауды бастады, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Жоба аулаларды күрделі жөндеуден өткізу, гүлзарлар, саябақтар және басқа да қоғамдық кеңістіктерді құру бойынша азаматтардың бастамаларын қолдауға бағытталған.

Өтінімдер 1 наурызға дейін қабылданады. Осы уақыт ішінде қатысушылар абаттандыру жоспарын дайындап, нақты өзгерістер мен жобаның қажетті бюджетін көрсетуі тиіс. Дайын жобалар аудан әкімдігінің ресми сайтына, «Пайдалы сілтемелер» бөліміндегі «Халық қатысатын бюджет-2025» қосымшасына жүктеледі. Техникалық талдау мен тексеруден өткеннен кейін өтініштер келесі дауыс беру кезеңіне жіберіледі.

«6 сәуір мен 24 сәуір аралығында дауыс беру өтеді. Дауыс беруге 18 жастан асқан барлық қазақстандықтар қатыса алады. Ол үшін аудан аппаратының сайтында немесе Egov Mobile қосымшасында ЭЦҚ арқылы тіркеуден өту қажет. Бір тұрғын тек бір жоба үшін дауыс бере алады. Жеңімпаздар үш санат бойынша анықталады: 40 пәтерге дейінгі аулалар, 100 пәтерге дейінгі аулалар және 100 пәтерден асатын аулалар», - делінген хабарламада.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы «Сарыарқа» ауданында 2019 жылдан бері табысты жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде тұрғындардың 121 бастамасы іске асырылды. Тек өткен жылы ғана 66 аула жаңартылды, олардың 43-і аталған жоба аясында жүзеге асырылды.