«ÓzgeEpic» – дарынды жастардың шығармашылық ортасы


Қазіргі жастар – болашақ кәсіби маман. Олардың әрқайсысы – креативті пікірге ие. Әрбір жас қоғамда өз орнын табу үшін оларға қазіргі таңда барлық жағдай жасалған. Мәселен, Астанада өнер-білімге құштар жастар үшін «ÓzgeEpic» шығармашылық хабы жұмыс істейді.
Оның мақсаты – бәсекеге қабілетті заманауи өнерді дамыту және сол арқылы қоғамның мәдени санасын одан сайын арттыру. Одан бөлек, интеллектуалды әрі дарынды жастарға қолдау көрсету және тәлімгерлік ету.
Астанада ашылған ірі шығармашылық хабына этно-музей мен қолөнер шеберханасы кіреді. Үш қабаттан тұратын ғимаратта қонақтар үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, мұнда заманауи арт-перформанс, музыкалық және әдеби кештерге арналған трансформер зал, сонымен қатар заманауи үлгідегі өнер галереясы, театр қойылымы үшін алаң, және ұлттық ойындардың смарт аймағы бар.
Бір ерекше атап өтерлігі, кітап оқитындар үшін де жеке орын ойластырылған. Олар кез келген уақытта хабқа келіп, ұнатқан кітабын сатып алып болмаса сол жерде оқи алады. Хаб ішінде отандық баспагерлердің кітаптары сатылымға қойылған.
Көпшілікке мәлім, президент Қасым-Жомарт Тоқаев креативті экономика талантты, шығармашыл адамдарды қызықтыратын ірі қалалардың дамуының қозғаушы күші екенін айтқан болатын.