Keruen Fest: Ұлттық фестивальге 600-ге жуық адам қатысты
Елордада Конституция күніне орай «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Keruen Fest ұлттық фестивалі өтті, деп хабарлады Elorda.info.
«Көктал» саябағында өткен мерекелік шарада елордалықтар мен қала тұрғындары ұлттық ойындар ойнап, өзара бақ сынасты. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының өкілі Амангелді Олжастың сөзінше, мұндай фестивль былтыр қала күнінде өткен.
Бүгінгі іс-шарамыз ұлттық нақышта өтіп жатыр. Былтыр қала күнінде де ұлттық фестивль ұйымдастырылған болатын. Бүгін келушілер үшін тегін негізде қазақ қол өнері, ұлттық бұйымдар жасау, қыш ісі, ұлттық киімдер тігу және ғасырлар бойы келе жатқан ұлттық киіз үйді құру бойынша шеберлік сағаттары өтуде. Одан бөлек, тұрғындар арасында тоғызқұмалақ, арқан тарту, асық ату және қой көтеру жарысы болды. Мерекелік жиын соңында жеңімпаздарды түрлі сыйлықтармен марапаттаймыз,- деді Амангелді Олжас.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, мұндай ұлттық фестиваль қаламыздағы «Өндіріс», «Үркер», «Интернациональный» тұрғын үй алаптарында шағын түрде өтті.
Саябақ ішінде аквагримерлар және ұлттық киімдегі аниматорлар бүлдіршіндермен бірге мерекені тойлады. Солардың бірі елордалық кішкентай тұрғын - Ансар Жұмабек. Ол бүгінгі шараға ата-әжесімен келіпті.
Мен биыл екінші сыныпқа көштім. Мына жерге ата-әжеммен келдім. Қызық болып жатыр. Маған ұнады,- дейді ол.
Ансардың әжесі Самал Қайнар елордада 10 жылдан аса тұрады. Қала тұрғыны ұлттық нақыштағы шаралар жастарды тәрбиелейтінін атап өтті.
Астанада мереке күндері жақсы шаралар өтеді. Мереке сайын үйдегі немерелерімізбен баруға тырысамыз. Мысалы, бүгін өте жақсы ұйымдастырған. Балалар ойындар ойнап, сахнада ұлттық ән шырқалып, ұл-қыздар билеп жатыр. Осындай ұлттық негізде өтетін шаралар келер ұрпаққа үлкен тәрбие береді,-дейді қала тұрғыны.
Айта кетейік, ұлттық фестивальге 600-ге жуық елордалықтар мен қала қонақтары қатысты.