Астанада «Алтын-қалам» семинар-форумы өтті
XXVІ қалалық тіл фестивалі аясында Астана қаласы қаламгерлерінің қатысуымен «Алтын-қалам» тақырыбында семинар-форум өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі «Қазақстан Жазушылар одағы» қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалымен бірлесе ұйымдастырды.
Форумның негізгі мақсаты - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау. Сондай-ақ, дөңгелек үстел басында елорданың рухани дамуы жайлы кеңесілді.
«Қала әкімдігі зиялы қауыммен қарым-қатынасқа мән береді. Өйткені қалам ұстаған қауым елдің бел ортасында жүр. Сондықтан бұл кісілердің ұсыныстары, пікірлері маңызды. Бізге, әсіресе, қаламыздың рухани бағытында жұмыс істегендіктен, жазушылардың осы саладағы ойлары құнды. Қаламгерлер қаламыздың басшылығымен де кездесіп отырады. Өткен аптада да біз Төлен Әбдіков, Қайсар Әлім сияқты ағаларымызбен кездестік. Бүгін орта буынмен де кездесіп отырмыз. Олардың да ұсыныс-тілектерін жинақтап жатырмыз, сын-пікірлері де назардан тыс қалмайды. Қаламгерлерді қаланың, әкімдіктің жасап жатқан істеріне атсалысуға шақырып отырмыз. Алдымызда референдум өткелі жатыр. Олар осындай ірі іс-шаралардан қалыс қалмай, өздерінің үнін қосып отырса, ол қаламыздың дамуына оң әсер ететіні сөзсіз», - деді Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп.
Семинар-форумның модераторы Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы қаламгерлерге әуелі сүйінші хабарды жариялады. Ол өткен жылдан бастау алған Астана қаласы әкімінің елордалық жазушыларға арналған 500 мың теңгелік стипендиясы биыл да 180 қаламгерге берілетінін атап өтті.
Одан соң сөз кезегін Ұлттық ғылым академиясының академигі Дихан Қамзабекұлына ұсынды.
«ХХ ғасырдың басында алаштың зиялылары Мәскеуден, Петербордан болшевиктер келіп, ел арасына дүрдараздық тудырғанда «Алқа» атты ұйым құрды. Олар жазушылардың елге қызмет етуі керектігін, елді тығырықтан алып шығу үшін бар білімін халық игілігіне жұмсауы қажеттігін айтқан болатын. Біздің де осы форумға жиналып отырғанымыздың себебі сол. Қазіргі қоғамда дін мәселесі өте күрделі, мектептегі тәрбие мәселесі бар. Қоғамдық мәдениетіміз де жер бауырлап қалды. Зиялы қауым әлеуметтік желіге де мәдениет әкелуі керек», - деді ол.
Дихан Қамзабекұлы, сондай-ақ, АЭС салу мәселесіне тоқталды.
«АЭС - бұл сонша дүрдараздық тудыратын нәрсе емес. Ғалымдар «ядролық орталықтың зияны сіздің үйдегі теледидардың зиянымен бірдей» дейді. Біз ғылымның кейбір мәнісін түсінбей, байбалам саламыз. Егер ол энергетикалық тәуелсіздігіміздің біраз проблемасын шешсе, ол бүгінгі заманның лайықты жолы болса, неге қарсы боламыз? Бұл жерде де ауызбірлігіміз болуы керек», - деді Д.Қамзабекұлы.
Оның айтуынша, АЭС, бір жағы, ғылым-білімнің дамуына, экономикамыздың өркендеуіне әсер етеді.
Ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай да осы тақырыпты жалғастырды.
«АЭС - стратегиялық жоба. Бұл бүгін-ертең салынбайды. АЭС Хиросима мен Нагасаки емес, Чернобыль емес. Уранды экологиямызды таза ұстайтындай пайдаланса, ол бізге керек болатын шығар деп ойлаймын. Қоршаған ортаға, ұлттың болашағына зияны тимейтіндей жағдайды ойластыру қажет. Осының бәрін ғалымдар жан-жақты зерттеп жатыр», - деді Ғалым Жайлыбай.
Семинар-форумға қатысқан өзге де қаламгерлер тақырып төңірегінде пікір алмасты.