00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

JOLTAP: Елордалықтар базалық цифрлық дағдыларды тегін меңгере алады

JOLTAP: Елордалықтар базалық цифрлық дағдыларды тегін меңгере алады
фото: Диас Махатовтың жеке мұрағатынан

Елордада жұмыссыз қала тұрғындарының жұмыс тауып, қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін JOLTAP жобасы жалғасып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Әлеуметтік жоба аясында осы уақытқа дейін 9 мыңнан астам елордалық біліктілігін арттырып, жұмысқа орналасты. Ал оқыту бағдарламалары еңбек нарығының сұраныстарына сүйене отырып жасалған. Мәселен, базалық цифрлық дағдыларды да жоба арқылы тегін оқуға болады.

Бұл дағдыны меңгеріп алған жандар компьютермен жұмыс істеу және оған бағдарламаларды орнатуды үйренеді. Себебі бүгінгі еңбек нарығында цифрлық дағдыларды білу маңызды. JOLTAP жобасындағы «Базалық цифрлық дағдылар» курсының оқытушысы Диас Махатовтың сөзінше, бүгінде адамдардың бұл салаға деген қызығушылығы жоғары.

«Мен JOLTAP жобасы аясында 2024 жылдың сәуір айынан бері сабақ беріп келемін. Осы уақытқа дейін ағылшын, математика және цифрлық сауаттылық бойынша жеке сабақ жүргіздім. Бүгінде жоба қатысушыларына  цифрлық дағдыларды үйретіп жүрмін. Жалпы елордалықтардың цифрлық сауатты болуға деген қызығушылығы жоғары», - дейді курс оқытушысы.

Бес күндік «Базалық цифрлық дағдылар» оқыту курсында компьютермен жұмыс істеу тәсілдері түсіндіріледі. Microsoft Office-ті пайдаланудан бастап қажетті бағдарламаларды орнату әдістері де көрсетіледі. Диас Махатов өз сөзінде курс барысында практикаға көп мән берілетінін атап өтті.

«Жоба аясында жабдықталған кабинетте цифрлық дағдыларды үйренуге болатын қажетті құралдар бар. Студенттерге алдымен теориясын түсіндіріп, кейін практикалық жұмысқа назар аударамыз. Әр студент жеке компьютерде жұмыс істей алады. Осылайша олар күнделікті өмір мен жұмысқа қажетті дағдыларды үйреніп жүр», - дейді ол.

Бүгінде Диас Махатов аталған курс бойынша 330-ға жуық елордалықты оқытқан.

«Олардың әрқайсысы цифрлық әлемде қажет болатын практикалық дағдыларға ие болды. Енді олар компьютерді тиімді пайдаланып, кеңсе бағдарламаларымен жұмыс істеуді біледі», - дейді елордалық оқытушы.

Айта кетейік, JOLTAP қысқа мерзімді оқыту бағдарламасы 18-50 жас аралығындағы Астана тұрғындары үшін қолжетімді. Оқудан кейін қатысушыларға сертификат беріледі. Ал түлектердің кандидатуралары JUMYS TAP Telegram-ботында тегін жарнамаланатын болады.