Елордалық университетте Ұлттық құрылтай бастамалары туралы дәріс өтті


Бүгін елордадағы Esil University-де Ұлттық құрылтай бастамаларын іске асыру тақырыбында студенттерге арналған ақпараттық-түсіндіру жиыны өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жиынға Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы, ҚХА республикалық этномедиация кеңесінің төрағасы Шерзод Пулатов қатысты. Ол студенттерге жақында өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы жариялаған негізгі бастамалар туралы айтып берді.
Шерзод Пулатовтың сөзінше, Президенттің Ұлттық құрылтайдағы баяндамасы жан-жақты, ол экономика мен әлеуметтік саясатты, сондай-ақ қазақстандық қоғамның рухани дамуын қамтитын маңызды салаларды қозғады.
«Мемлекет басшысының бастамасымен Ұлттық құрылтай құрылғаны баршамызға белгілі. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келеді. Ұлттық құрылтай бүгінгі таңда диалогтық алаңға айналып, халықтың мұн-мұқтажын тыңдап, сәйкесінше шешім қабылдап жатқанын көріп отырмыз. Ұлттық құрылтай төрт рет өтіп, онда әртүрлі мәселелер көтерілді. Тіпті ұлттық мәселелерден бөлек, қарапайым халықтың мәселелеріне назар аударылып жатыр», - дейді Шерзод Пулатов.
Ол жастарға Ұлттық құрылтай отырыстарында мәдениет, спорт және білім салалары қамтылып жатқанын атап өтті.
«Бүгінде жастардың тәрбиесіне ерекше назар аударылып келеді. Осы уақытқа дейін Ұлттық құрылтай жиындарында мәдениет, спорт және білім мәселелері көтеріліп келеді. Мысалы «Кинематография туралы» Заңға түзетулер әзірленді. «Қазақстанның халық жазушысы» атағы қайтарылды. Шығармашылық индустрия өкілдері үшін арнайы салық жеңілдіктері енгізілді. Спорт саласында да бірқатар өзгерістер болды. Мектеп пен университет қабырғаларында жаңа жобалар пайда болып, жалпы білім сапасы да артып келеді», - дейді ол.
Осы орайда Шерзод Пулатов жастардың бүгінгі тәрбиесіне тоқталып өтті.
«Бүгінгі жиын арқылы жастарға Ұлттық құрылтай қызметін түсіндіргіміз келді. Жалпы қазіргі таңда жастарымыздың тәрбиесі ерекше деңгейге көтерілді десем болады. Жастарымыз ұлттық киімге қызығушылық танытып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүр. Осылайша біздің қазақи болмысымыз ерекшеленіп келеді», - деді ол.
Еске сала кетейік, 14 наурыз күні Бурабайда Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы өтті. Ал ең алғаш рет Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы 2022 жылғы 16 маусымда жаңадан құрылған Ұлытау облысында өтті. Екінші отырыс 2023 жылы Түркістанда ұйымдастырылса, үшінші отырысы Атырау қаласында өтті.
2026 жылы Ұлттық құрылтай Қызылордада өтетін болады.