Астанада қоғамдық орындарда кальян шеккендер жауапқа тартылды

Астана қаласының полицейлері кальянды рұқсат етілмеген орындарда шегу деректерін анықтау бойынша рейдтерін жалғастыруда, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Биыл жыл басынан бері кальян немесе темекі өнімдерін тыйым салынған жерлерде қолданудың шамамен 5 мың фактісі тіркелді.
10 тамызда өткен кезекті рейд барысында полиция қызметкерлері бір қоғамдық тамақтану орнында заңбұзушылықты анықтады. Келушілердің бірі мекеме ішінде кальян шегіп отырған. Аталған азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Еске сала кетейік, Қазақстанда 2020 жылдан бастап дәмхана, мейрамхана, бар, клуб және өзге де қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салынған. Бұл шектеу халықтың денсаулығын қорғау және никотиннің зиянын азайту мақсатында енгізілген.
Астана қаласы Полиция департаменті азаматтарды заңды қатаң сақтауға және қоғамдық орындарда кальян шекпеуге шақырады. Сондай-ақ мекеме иелеріне мұндай құқықбұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Рейдтік іс-шаралар жалғасуда.



