Екі адам қаза тапты: Ақмола облысында жеке ұшақ апатқа ұшырады

Бүгін, 10:06
Айман Нығмет Айман Нығмет
views31
Екі адам қаза тапты: Ақмола облысында жеке ұшақ апатқа ұшырады
фото: t.me/Burkit001

PRO КАДРЫ KZ Telegram-арнасында кеше елордадан шамамен 50 шақырым жерде жеке ұшақ апатқа ұшырағаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Telegram-арна таратқан ақпаратқа сәйкес, қайғылы оқиға Ақмола облысы Целиноград ауданы Арайлым ауылы маңында болған. Бортта екі адам болған, екеуі де қаза тапқан.

Elordainfo.kz тілшісі осы оқиғаға қатысты Көлік министрлігіне сауал жолдадық. Ведомство мәліметінше, бүгінде апат себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылған.

«2025 жылғы 17 тамыз күні сағат 17:40-та Ақмола облысында жалпы авиация желісі бойынша ұшу кезінде Aerostar R40F UP-LA229 жеңіл моторлы ұшақ апатқа ұшырады. Әуе оқиғаларын тергеу қағидасына сәйкес комиссия құрылды. Қазір Көлік министрлігінің оқиғалар мен жайттарды тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері апат орнына шықты», - делінген хабарламада. 

Көліктегі полиция департаменті апат салдарынан екі адамның қаза тапқанын растады. 

«Апат салдарынан екі адам, ұшқыш пен жолаушы қаза тапты. UP-LA 229 жеке жеңіл ұшағының апаты фактісі бойынша Астана стансасындағы желілік полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 344-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жариялауға жатпайды », - делінген хабарламада.