Елордада шинкиокушинкай каратэ турниріне 500-дей қатысушы жиналды
Астанадағы «Аспан» спорт кешенінде Тәуелсіздік күніне орай шинкиокушинкай каратэден республикалық турнир жалғасып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Турнирді шинкиокушинкай каратэ федерациясы ұйымдастырып отыр.
Республикалық бәсекенің салтанатты ашылу салтанатына Шинкиокушинкай каратэ федерациясының президенті Санжар Жаркешов, Шинкиокушинкай каратэ федерациясының вице-президенті Қайыртай Қалижанұлы қатысты.
«Жарысымыздың кешегі күнінде 150-дей қатысушы «ката» бағдарламасында шеберліктерін көрсетсе, бүгін «кумитэ» бағдарламасы бойынша жекпе-жек сайысында 500-дей спортшы жүлдеге таласып жатыр. Додамызға Қазақстанның бірнеше өңірінен бөлек, көрші Қырғызстаннан да қатысушылар келді. Турнирімізге атсалысқан спортшыларға, ата-аналарға, демеушілерге алғысым шексіз», - деп Шинкиокушинкай каратэ федерациясының президенті Санжар Жаркешов өз ризашылығын білдірді.
Ұйымдастырушылар 2025 жылы Астана кубогының 25 жылдығына орай 25 мемлекеттің қатысуымен ауқымды халықаралық бәсекені өткізуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, 26-шы республикалық турнирдің жеңімпаздары бүгін анықталады.