Елордада ұлттық құндылықты насихаттауға арналған семинар өтті
Астана қаласы әкімдігі №71 «Мөлдір» балабақшасында «Ұлттық ойын-ұлт қазынасы» тақырыбында қалалық семинар өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Біртұтас тәрбие» бағдарламасының аясында ұйымдастырылған семинарда ұлттық ойындардың мән-мағынасы түсіндіріліп, ата-аналар мен балалардың қатысуымен ойын ойнатылды.
Ұйымдастырушылар бала денсаулығының мықты және дене бітімінің дұрыс жетілуі үшін балабақшада осындай тәсілдер енгізудің тиімділігі мол деп санайды.
«Мектепке дейінгі ұйымдарда ұлттық ойындарды насихаттаудың маңызы зор. «Бес асық», «Бестемше», «Асық ату», «Төрт тостаған» сияқты ойындардың бала тәрбиесі барысында қолданылатыны баршамызды қуантады. Ұлттық құндылық-болашақ ұрпаққа мұра. Өскелең ұрпақ үшін атадан мұра болып қалған осындай құндылықтарымызды дәріптеу баршамыздың міндетіміз»,-деді «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Астана қаласы бойынша КДИ аға оқытушысы Г.У. Тугунова.
Мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымының меңгерушісі бүлдіршіндер ұлттық құндылықтармен сусындап өссе болашақта ұлағат азамат болмақ деген пікірін айтты.
«Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы білім беру саласына қатысты бірқатар негізгі міндеттерге тоқталған болатын. «Ұлттық тәрбие - ел болашағы» тәрбиесінің тұжырымдамалық негіздері енгізіліп жатыр. Жаңа оқу жылынан бастап «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы іске асырылуда. Бұл жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған шара деп санаймын»,-деді №71 «Мөлдір» балабақшасының меңгерушісі Жанар Жусипалиева.