Елордада конкурдан Қазақстан чемпионаты аяқталды
Республика күні қарсаңында елордада конкурдан Қазақстан чемпионаты өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен 80-ге жуық үздік спортшы екі күн бойы түрлі қиындықтағы 8 маршрутта бақ сынасты, деп хабарлады Elorda.info қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ел чемпионатының бірінші күнінде 40-қа жуық спортшы өнер көрсетті.
Мұндай жарыстар Астанада алғаш рет өткізіліп отыр. Бұған дейін олар тек Алматыда өтетін. Өткен жылы ғана салынған бұл кешен халықаралық талаптарға сай келеді. Екі күндік жарысқа әлемнің үздік төрешілері шақырылды. Олар шабандоздардың да, аттардың да дайындығын мұқият тексерді. Әлемдік деңгейдегі төрешілердің турнирді жоғары бағалағаны біз үшін үлкен мақтаныш. Осы чемпионатта үздік нәтиже көрсеткен шабандоздар ұлттық құрамаға қабылданып, халықаралық жарыстарда ел атынан өнер көрсетеді,- деді ҚР Ат спорты федерациясының президенті Дәурен Асхат.
Республика күніне орайластырылған турнирдің жалпы жүлде қоры 26 миллион теңгені құрады.
Чемпионатта 140 см кедергілермен елордалық спортшы Нұрила Тұрысбекова «Кандинский» есімді атымен жеңіске жетті. Күміс жүлдені астаналық спортшы Азамат Хасенов «Фандорин» есімді атымен жеңіп алды. Қола медальді алматылық Ислам Исламов «Диаз VIII» есімді атымен иеленді. Төртінші және бесінші жүлделі орындарды «U Core De La Ville» (Шымкент) есімді жануарымен Шыңғыс Маликаждар және «Леди Ди» (Алматы облысы) есімді атымен Ксения Баталова иеленді.
145 см Top Score пәнінде «Фигаро» (Қырғызстан) атты атымен Камиль Сәбитов көшбасшы болды, екінші орында «Ирвинг Де Дам» (Алматы облысы) есімді атымен Ясмин Ибрагимова орналасты, үшінші орынды «Флоризель» (Қырғызстан) есімді атымен Андрей Тряпицин иеленді. Үздік бестікті Ислам Исламов «Диаз VIII» (Алматы) атымен және Нұрила Тұрысбекова «Кандинский» (Астана) атымен түйіндеді.
Кедергілердің биіктігі 150 см болатын Гран-приде Камиль Сабитов алтын жүлдегер, Андрей Тряпицин күміс жүлдегер, ал Ислам Исламов қола жүлдегер атанды. Рейтингтік кестенің төртінші орнында Азамат Хасенов, бесінші орында Шыңғыс Маликаждар тұр.
Естеріңізге сала кетейік, ел чемпионатының ашылу салтанатына Астана қаласының ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының президенті Еран Каналимов, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев және республикалық Ат спорты федерациясының президенті Дәурен Асхат қатысқан.