Ядролық инженерия мамандығын ашу қажет деп санаймын – маман
Қазіргі уақытта мамандар Атом электр станциясы туралы жан-жақты талдап, түсіндіріп жатыр. Соның бірі - Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті халықаралық ядролық физика, жаңа материалдар мен технология кафедрасының аға оқытушы, физика, математика және инженерия ғылымдарының PhD докторы Бақытжан Оразбеков. Elordainfo.kz тілшісі маманнан еліміздегі ядролық инженерия саласындағы кадрлық ресурстың әлеуеті жайлы сұрап-білді.
-Алдымен, қарапайым тілмен АЭС-тің не екеніне түсініктеме бере кетсеңіз. Уранды пайдалану қаншалықты қауіпсіз?
-Атом электр станциясы – тізбекті ядролық реакциялардың негізінде көбіне электр қуатын өндіретін кешенді құрылыс. Станция санаулы блоктардан тұрады. Оның әрқайсысында белсенді аймағы бар реакторлар орналасады. Ядролық реакциялар осы белсенді аймақта орын алады.
Ал уранды таза күйінде салу мүмкін емес. Оны отын ретінде пайдалану үшін қос тотығын қолданады. Белсенді аймақта орналасқан жылу бөлгіш элементке уранды таблетка ретінде салады. Негізі, таблеткада уранның мөлшері қауіпсіздік мақсатында өте аз шамада қолданылады. Себебі, уран таблеткасындағы оның мөлшері халықаралық ұйым МАГАТЭ бекіткен шамадан асып кетсе, лаңкестік іс-әрекеттерге апаруы мүмкін.
-АЭС-тің негізгі пайдасына және ықтимал зиянына тоқталсаңыз...
-АЭС-тің басқа энергия көздерімен салыстырғанда көп артықшылықтары бар. Бұл оның көмірқышқыл газын шығармауында, аса қуаттылығында және тұрақтылығында. Әрине, кез келген заттың кемшілігі болатыны сияқты АЭС-тің үлкен бір кемшілігі радиоактивті заттарды қалдыруында жатыр. Үкімет ең қауіпсіз реакторлардың су-сулы реактордың түрін таңдаған болатын. Осы су-сулы реакторларда радиоактивті қалдықтар бірінші контурдан асып шығып кетпейді және қоршаған ортаға тарамайды. Сәулеленетін қалдықтар белсенді аймақта қалады. Бірақ оны белгілі бір уақыт сайын ауыстырып тұрады. Бұндай шаралардың өзіндік қауіпсіз технологиясы болады.
-Ең алғаш АЭС қашан пайда болды? Шетелдік тәжірибеде кездескен кемшіліктер ескерілетін болар...
-Электр қуатын тұрмыста қолданатын алғашқы АЭС өткен ғасырдың елуінші жылдарында Мәскеуге жақын Обнинск қаласында құрылған. Сол заманнан бері қазіргі уақытта әлемде саны 500-ге жетпейтін реакторлар жұмыс істеуде. Өкінішке орай, дүниежүзі бойынша екі үлкен апат болды. Бірі адами фактордың кесірінен болса, екіншісі табиғи апаттардың салдарынан туындаған.
Қазіргі заманғы салынып жатқан озық үлгідегі АЭС-тер III+ буынына жатады. Біздің елде салынғалы жатқан үлгіде жоғарыда айтылған апаттарды есепке алып, қауіпсіздік шараларына қосымша амалдар енгізілмек.
-Ал АЭС-ке қандай мамандар керек? Еліміз бұл жағынан дайын ба?
-Қазіргі таңда Алматы маңындағы Алатау ауылында орналасқан Ядролық физика институтында ғылыми зерттеулерді жүргізуге арналған кішігірім реактор бар. Кеңес дәуірінен қалған реакторды осы уақытқа дейін қалыпты жағдайда және жұмыс істеп тұрған күйінде сақтау – отандық ғалымдарымыздың, ондағы жұмыс істейтін мамандардың біліктілігі арқасында деп айтуымызға болады. Елімізде АЭС-ті басқаруға дайын мамандар осы тұста жоқ деп айтуға келмейді. Дегенмен, жаңадан салынғалы жатқан АЭС өзіндік технологиясы болуы мүмкін. Соның есебінен Үкімет жаңа кадрларды даярлауға көңіл бөлу, атап айтқанда, ядролық инженерия мамандығын ашу қажет деп санаймын.
-Сұхбатыңызға рақмет!