«Өзіңнен баста»: Елордада өзін-өзі қорғау бойынша екі айлық тегін жаттығу шарасы басталды

«Өзіңнен баста»: Елордада өзін-өзі қорғау бойынша екі айлық тегін жаттығу шарасы басталды
Фото: Оңалхан Өнерхан

«Астана – есірткісіз қала» атты акция аясында «Триатлон» саябағында кез келген ниет білдіргендерге бейімделген дене шынықтыру бойынша сауықтыру сабағы ресми басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Үшінші жыл қатарынан өткізіліп жатқан Василий Тахтайдың жаттығу сабағындағы басты ерекшелік – былтыр қала тұрғындары тек «Триатлон» саябағында ғана спортпен шұғылдана алса, биыл бұл тізіміге «Көктал» саябағы да енді. 

«Біздің жобаға 6 жастан бастап, ер, әйел адамдар - кез келген қала тұрғыны қатыса алады. Ешкімге шектеу жоқ. Тіпті мүгедектігі бар кісілер де шарамыздан тыс қалмайды. Ашық кеңістікте өтетін жаттығуымыз тегін болғандықтан, 2024 жылы бір сәтте 500-дей адам келген жайттар да тіркелді. Барлығына дайынбыз. Әзірше бұл жоба тек Астана қаласында ғана бар. Сұраныс болса, ауқымымызды өзге қалаларда да жалғастыру ойымызда бар. Осы жобаның арқасында жаз мезгілінде оқушылар, жастар бос уақытын тиімді өткізіп, есірткі және т.б. зиянды дүниелерден аулақ болады», - деді кәсіби жауынгер және жаттықтырушы Василий Тахтай.

Іс-шараның ашылу салтанатына Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай, ММА танымал жауынгері Василий Тахтай қатысты.

Сондай-ақ ашылу салтанатында «Алыптар сайысының» чемпионы Қуаныш Шәріпбекұлы өз шеберлігін (шеге, темір майыстыру) көрсетіп, барша жиналған көрермендерге қызықты әсер сыйлады.

Айта кетейік, тегін жаттығулар 1 қыркүйекке дейін сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері өтеді. Сабақ барлығына қолайлы уақыт ретінде кешкі 19:00 және 20:00-ге жоспарланған.