Елордада есірткіге қарсы күрес аясында балаларға спорттық тимбилдинг ұйымдастырылды


Астананың «Көктал» саябағында балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін спорттық іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Елдегі есірткі мәселесі қоғамның алаңдаушылығын туғызып жатыр. Әлеуметтік желінің дамуы, есірткі жарнамасының түрлі жаңа әдістер арқылы таралуы тіпті Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарын аудартты.
Денсаулық сақтау министрлігінің 2025 жылдағы наурыз айының мәліметі бойынша, елімізде 7 мен 17 жас аралығындағы 55 кәмелетке толмаған бала есірткіге тәуелділік бойынша арнайы бақылау тізімінде тұр. Бұл дертпен күресу үшін, насихатты жалғастыра беру керектігі түсінікті.
Осы орайда Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы, Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және Winox Fit Arena фитнес клубының жаттықтырушылары балалар үйінің тәрбиеленушілеріне уақыттарын арнап, тимбилдинг өткізді.
«Астана – есірткісіз қала» акциясы аясында Winox Fit Arena фитнес клубы жаттықтырушыларының көмегімен балалар үйінің 30-ға жуық тәрбиеленушілеріне салауатты өмір салтын насихаттап, қаламыздың әсем саябақтарының бірінде тимбилдинг өткізіп жатырмыз. Қатысушыларға арнайы сыйлықтарымыз да бар. Басты мақсатымыз - жазғы демалыс уақытында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру», - деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Сұлтан Омарғали.
Айта кетейік, Winox Fit Arena фитнес клубы мен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы осымен үшінші мәрте «Көктал» саябағында спорттық шара ұйымдастырып отыр.
«2025 жылы есірткі құқық бұзушылықтарының профилактикасы бойынша кеңесі құрылып, соған мүше болдым. Есірткі мәселесін шешуді тек полиция немесе мемлекетке ғана сеніп тапсыруға болмайды. Оған қоғамның белсенді азаматы ретінде де атсалысу қажет. Автомотоспортқа көбінесе жастар қызығады. Сондықтан спортпен қатар, әр баланың дұрыс таңдау жасауына да ықпал етуге тиіспіз. Ұзақ жылдар бойы жастармен жұмыс істеп келеміз және қандай да бір қиындық туындаған сәтте біз де қол ұшымызды созуға дайын екенімізді айтқымыз келеді», - деп атап өтті Астана автомотоспорт федерациясының басшысы Анатолий Бондарь.
Алдағы уақытта да есірткіге қарсы түрлі акциялар қаламызда жалғасын табатын болады.



