«Наз» мемлекеттік би театры 25-ші маусым шымылдығын жапты


Театр ұжымы қала күніне және қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арнап «Әзім әңгімесі» атты хореографиялық спектакльді сахнаға шығарып, көрермен қауымды тағы да бір қуантты, деп хабарлады Elordainfo.kz театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл қойылым — театр репертуарындағы ең құнды, көркемдік деңгейі жоғары спектакльдердің бірі.
Хакім Абайдың «Әзім әңгімесі» поэмасы — «Мың бір түн» ертегілерінің бір тарауына негізделіп, өлеңмен жазылған, өкінішке қарай, аяқталмай қалған шығарма. Осы олқылықтың орнын толтырғандай, театр директоры Еркебұлан Ағымбаев поэманы өз ойымен ұштастырып, режиссерлік шешім арқылы ерекше қойылымға айналдырды.
«Әзім әңгімесі» — ұлттық рух пен заманауи хореографияның үйлескен, көркемдік құндылығы зор туынды. Қойылымның негізгі мақсаты — Абайдың рухани мұрасын, терең философиясын би өнері арқылы көрерменге жеткізу. Спектакльде әрбір қимыл, әрбір қадам — терең мағыналы, символға толы.
XXV маусымның аяқталуымен қатар, театр ұжымы жаңа шығармашылық белестерге қадам басып отыр. Жазғы демалыс кезінде театрдың бір бөлігі Қытай Халық Республикасына гастрольдік сапарға аттанады. Ал демалыс аяқталған соң, театрға жаңадан қабылданған жастар дайындыққа кірісіп, репертуардағы билер мен спектакль партияларын меңгереді.
Жылды табысты аяқтаған «Наз» театрының алдағы маусымнан күтер үміті зор. Көрерменнің қошеметі мен ыстық ықыласы — театр ұжымының шабытын арттырып, шығармашылық ізденістерін одан әрі жалғастыруға серпін берері сөзсіз.



