00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Атом электр стансасынан қорқудың қажеті жоқ – Тамара Дүйсенова

20 қыркүйек, 2024
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
Атом электр стансасынан қорқудың қажеті жоқ – Тамара Дүйсенова
Фото: primeminister.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім саласына ерекше басымдық берді. Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында ел өңірлерінде аталған салада іргелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова осы бағытта өңірде атқарылып жатқан іс-шаралармен танысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектеп-лицейінде өткен кездесуде вице-премьерге білім нысандарындағы цифрлық бағытта атқарылып жатқан істер туралы айтылды. Олар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мектеп асханаларында тамақтануды ұйымдастыруға бағытталған. Мемлекет басшысы келесі жылдан бастап «әлеуметтік әмиян» тетігін енгізуді тапсырған болатын. Бұл жұмыс та аймақтарда белсенді іске асырылып жатыр. Ақтөбеде «әлеуметтік әмиян» тетігін бірінші кезеңде 68 мектепте енгізу жоспарланып отыр.

Президент Жолдауында балалардың мектепке дейінгі тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлінді. Балалардың мектепке даярлығын қамтамасыз ету үшін балабақшалар мен бастауыш сынып бағдарламасын үндестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар түрлі себептермен балабақшаға бармайтын балаларға кеңес беру орталықтары да ұйымдастырылған.

Тамара Дүйсеноваға балаларды мектепке дейінгі мекемелерге кезекке қою, оны есепке алу жүйесі таныстырылды. Жолдауда қойылған міндеттерді іске асыру аясында жан басына шаққандағы қаржыландыру стандартын отбасының нақты табысымен байланыстыру бағытында қаржылық модельді қайта іске қосу қарастырылған. Сондай-ақ балабақшаларды таңдаудың жаңа ваучерлік механизмін енгізу жоспарлануда. Бүгінде бұл механизм Таразда пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Бұл тетік бойынша кезек балабақшалардағы орынға байланысты емес, жергілікті бюджеттен бөлінген ваучер бойынша қалыптасады. Яғни, ваучер алған ата-аналар барлық талаптарға сай, бос орындары бар балабақшаларды таңдай алады. Осылайша, «ақша көрсетілетін қызметті алушыға тиесілі» қағидаты жүзеге асырылады. Бұл механизмді республика бойынша іске асыру жоспарлануда.

Облыс педагогтерімен жүздескен вице-премьер Қазақстанда АЭС салу тақырыбына да тоқталды.

«6 қазанда атом электр стансасы құрылысына қатысты референдум өтеді. Қоғам арасында түрлі пікірлер айтылуда. Бұл мәселеге әлеуметтік сала тұрғысынан қарайықшы. Қазір елімізде 8 мыңға жуық мектеп, 6 мыңдай әр түрлі медициналық ұйым, 10 мыңға тарта мектепке дейінгі мекеме бар. Олардың қатары өсе береді, сәйкесінше, электр энергиясына деген сұраныс арта бермек. Меніңше, атом электр стансасынан қорқудың қажеті жоқ. 1959 жылдан бері Алматы қаласында Ядролық физика институты жұмыс істеп келеді. Онда реактор орнатылған. Оның көмегімен ғылыми жұмыстар жасалуда. Бүгінге дейін оған қатысты еш шағым болған жоқ. Азаматтар белсенділік танытып, алдағы референдумға қатысуы тиіс», — деді Тамара Дүйсенова.

Сондай-ақ, вице-премьер жоғары политехникалық колледжде болды. Мұнда дуалды оқыту әдісі белсенді түрде қолданылып келеді. Одан бөлек, әзірленген цифрлық өнімдер сатылып келеді. Тамара Дүйсенова колледж студенттерімен тілдесіп, пікір алмасты.