00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Елордада есірткіге қарсы күрес туралы драма сахналанды

11 желтоқсан, 2024
Зарина Сәрсенбайқызы Зарина Сәрсенбайқызы
Елордада есірткіге қарсы күрес туралы драма сахналанды
фото: Сұлтан Сейіт

Астана қаласы М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында нашақорлықтың алдын алуға және есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға арналған «Независимые» деректі драмасы көрермен назарына ұсынылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Деректі драмада белгілі бір себептермен тәуелділікке ұшыраған адамдар туралы көрсетіледі. Көрермен өзін-өзі құрдымға жіберген алты адамның оқиғасымен танысып, олардың қиын жағдайдан шығу әрекетіне куә болады.

Қойылым режиссері Олег Федоренконың айтуынша, драма шынайы оқиғаларға негізделген.

«Независимые» драмасының мақсаты - кейіпкерлердің тағдыры арқылы есірткінің теріс әсерін көрсету. Қойылымдағы барлық оқиғалар өмірден алынған. Осылайша көрермендерге есірткіге тәуелді адамдардың шарасыздығын көрсетіп, оның адам өмірі мен денсаулығына зияны туралы түсіндіргіміз келеді. Драманы 14 жастан асқан көрермендер тамашалай алады»,- дейді Олег Федоренко.

Қоғамдағы өзекті тақырыпты көтерген қойылымның премьерасы 29 қарашада өтіп, бүгін театр көрермендері үшін 3-ші рет сахналанды.

«Қойылымды көруге келген жандардың ішінде елордалық мектеп оқушылары мен студенттері де бар. Олар ұстаздарымен, тіпті ата-аналарымен бірге келді. Қарап отырсақ, көрермендердің бұл қойылымды тамашалағаннан кейінгі реакциясы әртүрлі. Мұндай қойылымдар өзекті мәселені көтергендіктен, оларға қатты әсер етеді.  Тіпті кейбірі кейіпкер тағдырына алаңдап, жанашырлық танытып жатады. Сәйкесінше олар есірткіге тәуелділіктің салдарын жақсы түсініп, өзінің болашағын ойлайды. Жалпы бұл қойылым жастар арасында және осы мәселеге жақын адамдар үшін ерекше маңызды деп ойлаймын»,- дейді қойылым режиссері.

Айта кетейік, қойылым елордада есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды және нашақорлықтың алдын алу жөніндегі «Астана - есірткісіз қала» акциясын іске асыру шеңберінде көрермен назарына ұсынылып отыр.