Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан су-энергетикалық жағдайға қатысты бірқатар келісім жасады

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан су-энергетикалық жағдайға қатысты бірқатар келісім жасады
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Бішкек қаласында Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан Республикасы су шаруашылығы мен энергетика салаларының басшыларының су-энергетикалық ынтымақтастық мәселелеріне арналған кезекті кездесуі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстан тарапынан кездесуге ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов қатысты. Қырғызстан делегациясын Қырғыз Республикасының Энергетика министрі Алтынбек Рысбеков басқарды. Ал Өзбекстан тарапынан кездесуге Өзбекстан Республикасының Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев қатысты.

Кездесуде тараптар өңірдегі қазіргі су-энергетикалық жағдайды талқылап, вегетация кезеңінде қажетті су жіберуді қамтамасыз ету, сондай-ақ электр энергиясын өзара жеткізу бойынша нақты шаралар жөнінде келісімге келді. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар тиісті хаттамаға қол қойды.

Кездесуге қатысушылар өңірдегі гидрологиялық ахуалдың қолайлы екенін атап өтіп, 2026 жылғы вегетация маусымы барлық тарап үшін оң нәтижемен аяқталатынына сенім білдірді.

Тараптар келесі кездесуді 2026 жылғы тамыз айында өткізуге келісті.