Әлем чемпионатына келген 1 300-дей футболшы көшін бастай жөнелді: Месси! Месси!! Месси!!!

Әлем чемпионатына келген 1 300-дей футболшы көшін бастай жөнелді: Месси! Месси!! Месси!!!
Фото: wikipedia.org

... «Туған ай туралған етпен бірдей!» деп айта алған ата-бабамыз-ай. Міне, кеше ғана «қашан? қашанмен?..» күнтізбемізді түрткілей-түрткілей, тесер болғанда басталып бір кеткен футболдан әлем чемпионаты алғашқы белестен асып та жығылды. Кеше ғана бұл тұлпар жарыстың бірінші туры аяқталып, командалар да, олардың ойынын ұйықтамай да, демалмай да, тіпті жұмысқа бармай да тамашалаған жер жүзіндегі миллиардтаған жанкүйер бір сәтке ғана демдерін ішіне тартып, енді екінші тур бойы бұрынғыдан да қызықты, бұрынғыдан да арпалысты, бұрынғыдан да голға толы ойындар көруге ниет етіп, менің Абай атам айтқандай: «Бұл... бір ай тоғыз күннің...» футбол үшін садаға екенін жер-жаһанға жариялап үлгерді.

Әлқисса, бұл 24 ойынды сіздердің көбіңіз жібермей көрдіңіздер. Заман солай, бүгінде жұмыр жердің қай пұшпағында бір оқиға бола қалса, ол оқиға барысы сол сәтінде әркімнің шаңырағындағы тележәшіктен құлағын қылтита көрсетіп тұрады. Қайран көреген қазақ Ыбырай Алтынсарин атамыз-ай! Осыдан екі ғасыр бұрын-ақ ол жан бір өлеңінде: «...Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған!» деп бүгінгі күннің бейнесін тап басып жырламап па еді?! Алтынсарин атамыздың айтқаны аумай келді: әлемдік футбол тойы бізден қияндағыдай алыс, жердің қарсы қабағында болып жатса да, біз оны сол минут, сол секундында көріп, қиял-ғажайып кезеңде өмір сүріп жатырмыз! Сондықтан мен ол ойындардың басы мен аяғын әңгіме қылып, бос әуреге түспейін. Көргенінен нендей ой түю әркімнің өз кәлласының сапасына байланысты. Мен де шашы түсіп, миы сұйыла бастаған кәлләға ұялаған бірер ойды ортаға салайын.

Ең әуелі өткен чемпионаттың жеңімпаздары — Аргентинаның бірінші ойында Алжирді 3:0 қылып ұтқаны ғана емес, ол ойында алтын аяқты Лео Мессидің жасындай жарқылдауы! Жасы 39-ға келген ғасырдың ғаламат аяқдоп шебері бұл бір ойында төрт доп соқты! Рас, төртіншісін төрешілер санамай тастады. Бірақ көрген көзде жазық жоқ, Месси сол баяғы Месси, тура бір өз командасын үшінші алтын жүлдеге бастап апаратындай көрінді маған.

Ақыр бастап айтып қалдық қой, мен де сәуегейліктің сиқырлы атына бір мініп көрейін: «Бұл чемпионаттың ширек финалында Англия мен Аргентина құрама командасы кездесіп, солардың жеңгені әлем чемпионы болады» деп отыр менің ішкі ойларым! Ал Леоның соққан голдары бірінен-бірі өтеді. Мессидің бұл хет-триктің бірде-бір добын 11 метрлік пенальтиден соқпағаны оның әлі де тұғырдан таймақ түгілі, ол тұғырыңа қос табанды мықтап тіреп тұрғанынан хабар береді.

Месси жайлы сөз қозғаған соң оған қатысы бар әңгімелерді кейінге қалдырмай тұйықтай кетейік. Естеріңізде ме, осы бірінші тур аясында Португалия командасы Конго құрамасымен 1:1 есебімен тең тарқасты. Бұл тең ойыннан кейін Португалия құрамасының өз «қайғысы» аздай, команданың бірер ойыншысы, оларға қоса әлем әлеуметтік желісіндегі футболды білетін-білмейтіні бірігіп, Португалияның даңқты Эйсебиодан кейінгі маңдайына біткен жұлдызды ойыншысы Криштиану Роналдуға шүйлікті.

Сондағы айтатындары: «Роналду, сен қартайдың, орныңды жастарға босат, сен Португалия командасының ойынын кері сүйреп жатырсың...» деген бос былшыл. Қартайған ойыншы Роналдудай-ақ болып алсын! Кеше келе сала, Сауд Арабиясының тарихында «Аль-Насрды» чемпиондыққа тұңғыш сүйреп шыққан сол Роналду болатын! Бүгінде 90 минут тынбай жүгірсе де тынысы тарылмайтын арғымақ кейіпте ол Роналду! Оның Португалия ойынын кері тартатындай қылығы қайсы: жасыл алаңда жайбарақат жаяу жүр ме, сәт сайын құлап, аунап жатыр ма, көзі көрмей, құлағы естімей, басы айналып қалды ма?!! Оның қарсылас қақпа алдындағы жіберген қателігін кезінде Пеле де, Чарльтон да, ди Стефано да, Роналдиньо да, басқалар да жіберген. Сырттан кінә қою оңай — алаңда өзің болып көр: ойын кезінде ешкім допты соғам ба, жіберем бе деп ойланып тұра алмайды. Ойыншы өзінің келесі қимылына аяғына доп келмей-ақ бұйрық беріп қояды. Одан кейін әлгі қимылын тоқтату мүмкін емес. Роналду да алыстан өзіне қарай доп ұшатынын сезген кезде, ол допты қақпаға ұруға шешім қабылдады. Солай жасады да. Ол қимылы сәтсіз болса, ол үшін Роналдуды дарға асудың керегі жоқ. Мұндай сәттілік те, қателік те футболдың тарихында мың емес, бірнеше миллионға жетеді. Яғни ол сәт сайын болатын жағдай деген сөз.

...Әлқисса, осы дауды амалсыз тыңдаған Лионель Месси былай деді: «...Қателік жібермейтін ойыншы жоқ. Ал Криштиануды қартайды, ол командасына зиян келтіріп жатқан ойыншы дегендер — футболдан хабары жоқ жандар. Ол менен екі-ақ жас үлкен. Мен жайлы неге «мына шалды құртыңдар!» демейді? Ол мен секілді өзінің алтыншы әлем чемпионатына өзін көрсетейін деп емес, Португалия құрамасын чемпиондыққа жетелеуге келді! Мұндай бос сөздерді тоқтату керек!» Тамаша айту! Мықтыны бағалау! Шоқ-шоқ демеу! Әлемге аты шыға бастаған Ямальдың өзі: «...Роналду секілді ұлы футболшы жайлы сыртынан сөз айтушылар — жер астынан тұмсығын ғана шығарып міңгірлейтін көртышқан адамдар. Керек болса, Португалияның атын күллі әлемге дүңкілдетіп шығарған да сол Роналду болатын. Ол әлі де құрама командасына берері бар ойыншы!» деп бала болса да тәттінің дәмін білетіндігін танытты.

Месси! Месси!! Месси!!! — дегеніміз, бұл мықтының бір ойында үш гол соғып, осы чемпионатқа келген 1 300-дей футболшылар көшін бастай жөнелгеніне қол соққанымыз! Одан соң Мбаппе, Кейн, Хаверцтер екі доптан соқты. Олардан қалмай келе жатқан тағы бір жас пері бар. Оның ныспысы — Балогун. Балогун АҚШ құрама командасының шабуылшысы. Оның американдық түгі жоқ. Ата-анасы — африкалықтар. Өздері қаңғып Ұлыбританияға келген. Одан соң ілініп-салынып Америкаға жеткен. Бала Балогун сонда туған екен. Кейіннен қайта Англияға көшіп, ол сол елде футбол теуіп үйренген. Кейіннен Англияның жастар құрамасында ойнаған. Ақыры Англияның құрама командасына іліне алмайтынын сезген кезде АҚШ құрамасымен тіл табысып, осы елге азамат бола салған. Балогунның ойыны таңдай қақтырарлықтай. Жасыл алаңда мұзжарғыш кемедей батыл қимылдайтын, шабуылда қайралған қылыштай жарқылдап жүретін жап-жас жігіттің әлем футболының үздіктерінің біріне айналғанына таңғалмайтын боламыз.

Әңгіме әлем чемпионатының бірінші турындағы 24 ойын жайлы болып отыр. Атап айтатын нәтижелер қатарында бірер ойын бар: Оңтүстік Корея құрамасының Чехияны тізе бүктіруі — ерекше оқиға. Амандық болса, өмірдің көп саласында үздіктердің бірі ретінде дамып келе жатқан бұл ел футболын да кейін қалдырмай, ерекше өркендетіп отыр. Амандық болса, Оңтүстік Корея құрамасы бұл чемпионатта жеңістері мен ұжымдық мақсаткерлігін одан әрі дәлелдеп, талай таңдайды тақылдатады деп ойлаймын өз басым. Мұндай таза, бір ұлттың балаларынан құрылып, чемпион болатын команданы көруді ғұмыр бойы армандап келемін! Ол арманға осы Оңтүстік Корея, Жапония, Марокко, Кот-д’Ивуар, Бразилиялар жеткізер ме екен, шіркін!

Жоғарыда айтқан Марокко құрамасы Бразилиямен бекер тең ойнаған жоқ. Бұл елде де футбол ұлы ұлттық жоба ретінде қолға алынып жүргенін білеміз. Осы ойларға берілгенде, бүгінде футболды әлемдік дәрежеде өркендете алып отырған Оңтүстік Корея мен Жапонияны есепке алмай-ақ, өзімізбен бір құрылықта, Азияда туып, тәрбиеленіп, өсіп келе жатқан Иран, Катар, Ирак, Сауд Арабиясы, Иордания және Өзбекстан құрама командаларының әлемнің үздік 48-інің қатарында доп теуіп жүргенін көріп, ернімізді тістейміз! Бұлар бұл әлем чемпионатына Қазақстаннан мықты болғандығынан барып алған жоқ. Олар футбол өнерінде құдайдың өзі қолмен қойып берген Азия құрылығында қалып, сол құрылықтың іріктеу ойындарына қатысып, Мексика-АҚШ-Канадаға сегіз жолдаманың біріне ие болғаннан соң барып отырған жоқ па?!! Біз де «Басымыз жетпейтін жерге аяғымызды салмай...», яғни Еуропаға өтпей, сол Азия құрылығында доп тебе бергенде, бұл күндері Қазақстан ұлттық құрама командасының табысы мен сәтсіздігіне ел болып жанкүйерлігімізді арнап, аунай көшіп жатпас па едік?!! Әттең деймін, бір кем дүние!!!

Несіп Жүнісбаев