Астанада «Үздік жас полицей – 2026» байқауының жеңімпазы анықталды
Полиция күніне орай Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ҚР Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайында «Үздік жас полицей – 2026» қалалық байқауының қорытынды гала-концерті өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Байқау Астана қаласының аудандық полиция басқармаларында қызмет ететін жас полицейлерді біріктірді. Қатысушылар бірнеше кезең бойынша өзара бақ сынап, зияткерлік сайыстар мен кәсіби-тактикалық жарыстарда білімдері мен дайындық деңгейлерін көрсетті. Финалдық кезеңде алты ауданның командалары полиция қызметінің маңызын, патриотизм мен мамандыққа адалдықты дәріптейтін шығармашылық нөмірлерін ұсынды.
«Бүгінгі байқауға Астана қаласының алты ауданынан полиция қызметкерлері қатысып, өз өнерін ортаға салды. Бұл бастама небәрі үш ай бұрын ұсынылған еді, ал бүгінде алғаш рет пилоттық форматта жүзеге асып отыр. Қатысушылардың дайындығы мен сахнадағы өнеріне қарап, бұл жобаның болашағы зор екеніне көз жеткіздік. Алдағы уақытта байқаудың ауқымын кеңейтіп, қатысушылар санын арттыруды жоспарлап отырмыз», – деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының басшысы Шыңғыс Тілеулин.

Нұра аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Шерхан Төлеуханов байқаудың қатысушылар үшін маңызына тоқталды.
«Бұл байқау қызметтен тыс уақытта шығармашылық қырымызды танытып, өнерімізді көпшілікке ұсынуға мүмкіндік берді. Астана қаласының әр ауданынан дарынды полиция қызметкерлері бас қосып, өзара бақ сынады. Біз бүгінгі додаға өзіміздің авторлық патриоттық «Есте» әнін алып келдік. Бұл туынды қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан әріптестеріміздің рухына арналады», – деді ол.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Нұра аудандық полиция басқармасының командасы иеленді. Жеңімпаздар мен қатысушылар дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.



