Роза Өтегенова: Әр бала сауығып шыққанда Олимп шыңын бағындырғандай қуанамыз
Баланың денсаулығы - кез келген қоғамның ең қымбат байлығы. Ал сол денсаулықты сақтау жолында сағатпен санаспай, тәулік бойы тынымсыз еңбек ететін дәрігерлердің жауапкершілігі тіпті бөлек. Қырық жылдан астам ғұмырын балалар медицинасына арнаған №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы директорының медициналық бөлім бойынша орынбасары Роза Өтегеновамен Elordainfo.kz тілшісі медицинадағы бүгінгі өзгерістер, балалар денсаулығы, вакцинацияның маңызы және дәрігер мамандығының жауапкершілігі туралы әңгімелесті.
– Роза Өтегенова, медицина саласында жүргеніңізге 42 жылға жуық уақыт болыпты. Осынша жылдық еңбек жолыңызға көз жүгіртсеңіз, бұл мамандыққа келуіңізге не себеп болды?
– Иә, медицина саласында жүргеніме 42 жылға жуық уақыт өтті. Соның басым бөлігі балалар денсаулығын қорғауға арналды. Кейде артқа қарап отырып, осы жылдардың қалай өте шыққанын да аңғармай қаламын. Бірақ бір нәрсені анық айта аламын. Бұл мамандық мен үшін жай ғана кәсіп емес, өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды.
Медицинаға келуіме ең алдымен әкем себепкер болды. Мен небәрі он жасымда әкемнен жол-көлік оқиғасының салдарынан айырылдым. Бала кезімдегі сол ауыр қаза менің өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Адам өмірінің қаншалықты қымбат екенін ерте түсіндім. Сол кезден бастап біреуге көмектесу, бір адамның өмірін сақтап қалуға үлес қосу деген арман жүрегімде қалыптасты. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін туған өлкемдегі аудандық ауруханада 13 жылға жуық еңбек еттім. Ол жерде кәсіби тұрғыдан шыңдалып, үлкен тәжірибе жинадым. Ал 1998 жылы елордаға келіп, №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасына жұмысқа орналастым. Содан бері осы ұжымның бір мүшесі ретінде еңбек етіп келемін. Қаншама қиындық болды, қаншама тағдырмен бетпе-бет келдік. Бірақ осы күнге дейін өз мамандығыма деген сүйіспеншілігім өзгерген емес.

– Қазіргі медицина бұрынғыдан қаншалықты өзгерді? Бүгінгі дәрігердің алдында қандай қиындықтар тұр?
– Медицина үнемі дамып отыратын сала. Сондықтан осыдан жиырма-отыз жыл бұрынғы тәжірибені бүгінгі күнмен толық салыстыруға болмайды. Қазір аурулардың ағымы мүлде өзгерген. Бұрын кітаптарда оқыған классикалық белгілер өте сирек кездеседі. Көп жағдайда аурулар өзгеше сипатта өтеді, бірнеше патология қатар жүреді немесе бұрын кездеспеген асқынулар байқалады. Сондықтан дәрігердің білімі де, тәжірибесі де үздіксіз жаңарып отыруы керек. Сонымен қатар қоғамның медицинаға деген көзқарасы да өзгерді. Ақпараттың қолжетімділігі артты. Сонымен бірге жалған мәліметтердің де саны көбейді. Кейде адамдар ғылыми дәлелденген емнен бұрын әлеуметтік желідегі күмәнді кеңестерге сеніп кетеді. Мұндай жағдайда дәрігер тек емдеуші маман ғана емес, түсіндіруші, бағыт беруші тұлғаға да айналады. Дегенмен барлық қиындықтарға қарамастан өз жұмысымды ерекше жақсы көремін. Өйткені әрбір сауығып кеткен баланың қуанышы бізге күш береді.
– Балалар дәрігерінің жұмысы несімен ерекше?
– Балалармен жұмыс істеу медицинадағы ең күрделі бағыттың бірі деп ойлаймын. Ересек адам өзінің қай жері ауыратынын, қандай шағымы бар екенін түсіндіріп бере алады. Ал кішкентай бала мұны жасай алмайды. Ол тек жылайды, мазасызданады немесе мінез-құлқы өзгереді. Сондықтан біздің міндетіміз – оның әрбір қимылын, мінезіндегі өзгерісті, денесіндегі ұсақ белгілерді бақылап, нақты диагноз қою. Бұл үлкен тәжірибені, байқағыштықты және жауапкершілікті талап етеді. Балалар дәрігерінің басты ерекшелігі – бала айта алмағанды байқап, дер кезінде дұрыс шешім қабылдау. Өйткені уақыт жоғалту кей жағдайда өте ауыр салдарға алып келуі мүмкін. Біздің аурухана Астана қаласының медициналық ұйымы болғанымен, бізге еліміздің барлық өңірінен балаларын алып келетін ата-аналар өте көп.
Олар үлкен үмітпен келеді. Бірі бірнеше жерде емделген, бірі соңғы үмітін арқалап келеді. Сондықтан олардың сенімін ақтау біз үшін үлкен жауапкершілік. Біз ешкімді бөліп-жармаймыз. Әр балаға көмек көрсетуге, әрбір күрделі жағдайдың шешімін табуға тырысамыз. Кейде өте ауыр халде түскен балалар болады. Осындай сәттерде бүкіл ұжым жұмылып жұмыс істейді. Себебі біздің басты мақсатымыз – баланың өмірін сақтап қалу. Тіпті үй көрмей балаларды емдеуге әзірміз. Мәселен, пандемия біздің кәсіби өміріміздегі ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Төрт ай бойы үйге бармай, ауруханада қызмет атқарған күндеріміз болды. Алғашқы кезеңде біз ересек науқастарға көмек көрсеттік. Қорғаныш костюмінің ішінде сағаттап жүрудің өзі оңай емес. Бірақ біз өз жайымызды емес, науқастардың жағдайын ойладық. Әрбір адамның өмірі үшін күрестік. Әрбір жазылып шыққан науқас біз үшін үлкен жеңіс болатын. Сол күндердің бәрі жүрегімізде сақталып қалды. Ол кезең дәрігерлердің кәсіби ғана емес, адами төзімділігін де сынаған уақыт болды.

– Балаларды емдеу барысында ата-анамен жұмыс қаншалықты маңызды? Жұқпалы аурулардың алдын алу үшін не істеу керек?
– Бұл өте маңызды мәселе. Біз тек баламен ғана жұмыс істемейміз. Біз ата-анамен де қатар жұмыс істейміз. Себебі ауруханаға түскен бала ғана емес, оның ата-анасы да үлкен күйзелісті бастан кешіреді. Сондықтан олардың алаңдаушылығын түсінуге тырысамыз. Баланың жағдайын, жасалып жатқан емнің мақсатын, әрбір талдаудың не үшін қажет екенін қарапайым тілмен түсіндіреміз. Ата-ана дәрігерге сенген кезде ғана емдеу процесі де нәтижелі болады деп ойлаймын.
Біздің аурухана жұқпалы аурулар бағытында да жұмыс істейді. Сондықтан мұндай жағдайларды күнделікті көріп отырмыз. Қызылша бірнеше жыл сайын қайта өршіп отырады. Соңғы жылдары да оның көбейгенін байқадық. Алдағы уақытта да мұндай кезеңдердің болуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Өкінішке қарай, қазіргі кезде вакцинадан бас тартатын ата-аналардың саны көбейіп келеді. Ал қызылша – жұқпалылығы өте жоғары аурудың бірі. Бір науқастың өзі көптеген адамға жұқтыруы мүмкін. Бұдан бөлек көкжөтелдің де асқынуы өте ауыр болады. Кей жағдайда баланың тыныс алуы тоқтап қалуы немесе басқа да күрделі жағдай орын алуы мүмкін. Сондықтан вакцинация – тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның денсаулығын қорғаудың маңызды жолы деп есептеймін.
– Осынша жылдық тәжірибеңізге сүйене отырып айтсаңыз, жақсы дәрігер қандай болуы керек?
– Ең алдымен білімді болуы керек. Медицинада оқу ешқашан аяқталмайды. Бұл – өмір бойы ізденуді қажет ететін мамандық. Кеше алған білімің бүгін жеткіліксіз болуы мүмкін. Біздің мамандар шетелдік тәжірибелермен танысып, кәсіби білімін жетілдіріп отырады. Халықаралық әріптестермен байланыс орнатып, тәжірибе алмасады. Бірақ сонымен бірге еліміздегі аурулардың өзіндік ерекшелігін де жақсы білу қажет. Екіншіден, дәрігерде төзімділік болуы керек. Себебі бұл мамандықта уақытпен санаспайсың. Түнгі кезекшілік те, күтпеген жағдайлар да, ауыр шешімдер де болады. Ал ең бастысы – маман өз ісін жүрегімен жақсы көруі керек. Тіпті үйде жүрсең де ойың ауруханада болады. Біз күндіз-түні әріптестерімізбен байланыстамыз. Қажет болған жағдайда бейнебақылау жүйесі арқылы балалардың жағдайын қарап, кезекші дәрігерлерге қосымша нұсқаулық береміз. Кейде түннің ортасында хабарласып, қосымша тексеру жүргізуді сұраймыз. Өйткені дәрігер үшін ең бастысы – науқастың жағдайы.

– Ал сіз үшін осы мамандықтағы ең үлкен марапат не?
– Мен үшін ең үлкен марапат – баланың аман-есен сауығып, үйіне күліп қайтуы. Балалардың ағзасы өте ерекше. Уақытында диагноз қойылып, дұрыс ем жүргізілсе, олар тез қалпына келеді. Бірақ қазіргі кезде иммунитеті әлсіз балалардың көбейгенін де байқап отырмыз. Соған қарамастан әрбір сауығып шыққан бала бізге ерекше қуаныш сыйлайды. Шынын айтсам, сондай сәтте өзімізді Олимп шыңын бағындырғандай сезінеміз. Өйткені бұл – бір адамның емес, тұтас ұжымның еңбегі. Біз үшін әрбір баланың күлкісі, әрбірінің сауығып шыққан сәті – үлкен жеңіс. Сондықтан бар тілегім – балаларымыз аман болсын, еліміз тыныш болсын. Өйткені балалар біздің болашағымыз. Олардың денсаулығы мен амандығы бәрімізге ортақ құндылық.
– Сұбатыңызға рахмет!